Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс алаңдарын аралап, жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Аймақ басшысы мердігерлерге құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, нысандарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Қазіргі таңда Қонаев қаласында Үкімет қаулысына сәйкес Облыстық сот, Полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және өзге де ведомстволарға арналған әкімшілік ғимараттар мен Департаменттер үйі бой көтеріп жатыр. Сонымен қатар облыстық мұрағат, облыс әкімі аппаратының автокөлік кешені және №6, №7 жағажайларда халықаралық деңгейдегі курорттық-ойын-сауық нысандары салынуда.
Жобалардың басым бөлігі «Алматы – Өскемен» автожолы бойында орналасқан. Қазіргі уақытта барлық құрылыс алаңдарында жер қазу, іргетас құю және дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Полиция департаментінің жаңа ғимаратының жалпы ауданы 22 мың шаршы метрден асады. Нысан әртүрлі биіктіктегі сегіз блоктан тұрады. Қазір мұнда ескі құрылыстарды бұзу және аумақты тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Арнайы мемлекеттік органдарға арналған бес қабатты әкімшілік ғимараттың ауданы 12 мың шаршы метрден асады. Құрылысқа 25 жұмысшы мен алты техника жұмылдырылған. Ал ведомстволық ұйымдарға арналған ғимарат екі блоктан тұрады. Онда қазаншұңқыр қазу жұмыстары жүргізілуде.
Департаменттер үйі төрт блоктан тұратын көпфункционалды кешен ретінде жобаланған. Ғимаратта қызметтік кабинеттер, мәжіліс залдары, асхана, медициналық пункт, архив және техникалық бөлмелер қарастырылған. Қазір нысанның іргетасын қалау жұмыстары басталған.
Облыстық мұрағат ғимаратының ауданы 8,4 мың шаршы метрді құрайды. Болашақта мұнда 300-ден астам қызметкер жұмыс істеп, екі миллионнан астам құжат сақталады. Осыған байланысты құрылыста өртке төзімді материалдар қолданылып жатыр.
Сапар барысында облыс әкімі облыс әкімдігі аппаратының автокөлік кешені мен Қапшағай су қоймасы жағалауында салынатын курорттық-ойын-сауық нысандарының жобаларымен де танысты.
Үш гектар аумақта орналасатын автокөлік кешені шамамен 100 көлікке арналған. Онда мемлекеттік мекемелердің көліктеріне қызмет көрсететін әкімшілік және техникалық инфрақұрылым қарастырылады.
Ал №6 және №7 жағажайларда қонақүй, аквапарк, аттракциондар паркі, SPA орталығы мен ойын алаңдары салынбақ. Жобаны жүзеге асыру үшін 24 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Марат Сұлтанғазиев бұл нысандардың облыс орталығы үшін тарихи маңызы зор екенін атап өтті.
«Жаңа облыс орталығында заман талабына сай, сапалы әрі сәулеті келіскен ғимараттар салынуы тиіс. Сенімді мердігерлер ретінде сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Егер жұмыс қарқыны төмендеп немесе сапа талаптары сақталмаса, мердігерлерді ауыстыру мәселесі қаралады», – деді облыс әкімі.
Жоспарға сәйкес барлық нысанның құрылысы келесі жылы аяқталып, пайдалануға беріледі.





