Бас прокурордың айтуынша, азаматтардың құқықтарын қорғауда алдын алу шараларына басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта Қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы құрылған.
«Дәл осы мақсатта біз Қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығын құрдық. Ол – қылмыстың салдарымен күресуден оны ерте кезеңде ескертуге көшудің негізгі құралдарының бірі», – деді Берік Асылов.
Орталық тәулік бойы елдегі криминогендік ахуалды талдап, ықтимал қауіптер мен осал аймақтарды анықтайды. Сондай-ақ тәуекелдерді болжап, олардың алдын алуға арналған нақты шаралар әзірлейді.
Жұмыстың тағы бір бағыты – қылмыстық қатерлердің жаңа түрлері мен тәсілдерін анықтау үшін шетелдік контентке мониторинг жүргізу.
Жүргізілген талдау нәтижесінде Ішкі істер министрлігі және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жасанды интеллект пен ұшқышсыз технологиялардың көмегімен азаматтарға қылмыстық қол сұғу қаупі жоғары 360-тан астам орын анықталған.
Бұл аумақтарда полиция патрульдерінің жұмысы күшейтіліп, 4 мыңға жуық жаңа жарықтандыру нүктесі мен 3,5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды.
«Мұндай тәсіл өз нәтижесін беріп отыр. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елдегі қылмыс деңгейі 11%-ға төмендеді. Адам өлтіру, қарақшылық, тонау, қорқытып алушылық, ұрлық және көшелерде жасалатын қылмыстар азайды», – деді Бас прокурор.
Есірткі қылмысына қарсы күресте де цифрлық технологиялар қолданылып жатыр. «Кибернадзор» жүйесі есірткіні насихаттау белгілері бар 10 мың материалды бұғаттаған. Оның ішінде есірткі сатумен айналысатын 6 мыңнан астам интернет-дүкен бар.
Прокуратура мен полиция органдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде 464 мыңнан астам дропперлік шот бұғатталды. Сондай-ақ есірткі қылмысынан түскен 2,6 млрд теңгеден астам кіріске тыйым салынған.
Бас прокурордың мәліметінше, соңғы жылдары алғаш рет интернет-алаяқтықтың өсу үрдісін өзгертуге қол жеткізілген. Мұндай қылмыстардың саны 9 пайызға төмендеді.
Құқық қорғау органдары мен «Қазақтелеком» АҚ-ның бірлескен жұмысының арқасында бір миллионнан астам күдікті қоңырау тоқтатылған. Сондай-ақ шетелде орналасқан 12 алаяқтық колл-орталықтың қызметі әшкереленген.
Берік Асылов алаяқтықтың алдын алуға қатысты нақты мысал да келтірді.
«Елордада прокуратураның бастамасымен осы байланыс операторының базасында құрылған Антиколл-орталық алаяқтардың қоңырауын 76 жастағы әйел оларға 21 млн теңге беруге дайындалып жатқан сәтте тоқтатты. Нәтижесінде қаражатты сақтап қалуға мүмкіндік туды», – деді ол.
Бұдан бөлек, Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы арқылы жалпы сомасы 2,9 млрд теңгеден асатын алаяқтық транзакциялар бұғатталған.
Берік Асылов келтірілген көрсеткіштердің артында азаматтардың өмірі, денсаулығы мен мүлкінің қауіпсіздігі тұрғанын атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – қауіптің қылмысқа айналуын күтпей, оны алдын ала анықтау, себептерін жою және салдарының алдын алу. Конституциялық «Заң мен тәртіп» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыру дегеніміз – осы», – деп қорытындылады Бас прокурор.





