Министрдің айтуынша, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру жүйесін дамытуға арналған 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленген.
«Осы негізде 2026–2028 жылдарға арналған мектепке дейінгі және бастауыш білім беруді дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Негізгі басымдықтардың бірі – мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтуды кеңейту», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр жаңа Конституцияның қабылдануымен бастауыш білім беру жүйесінде маңызды өзгерістер болғанын атап өтті.
«Алғаш рет жаңа Конституцияда бастауыш білім конституциялық мәртебеге ие болды. Осыған байланысты балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу бағдарламаларының мазмұны кешенді түрде қайта қарастырылды», – деді министр.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 1–4 сыныптарға арналған математика пәні бойынша 244 оқу мақсаты қайта қаралған.
Жаңартылған бағдарламада:
- оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес келмейтін тақырыптар алынып тасталды;
- кейбір оқу мақсаттары жоғары сыныптарға ауыстырылды;
- пәннің практикалық бағыты күшейтілді;
- күрделі теориялық материалдардың көлемі қысқартылды;
- оқу жылының басы мен соңында өткен материалды қайталау бөлімдері енгізілді.
Сонымен қатар бірінші сынып оқушылары үшін арнайы бейімделу кезеңі енгізіледі. Бұл әртүрлі дайындық деңгейімен мектеп табалдырығын аттаған балалардың оқу процесіне жеңіл бейімделуіне мүмкіндік береді.
Жаңартулар қазақ тілі пәндеріне де қатысты.
Министрдің айтуынша:
- әліппеге дейінгі кезең 12 сағатқа ұзартылды;
- «Әліппе» пәніне 84 сағат бөлінді;
- «Ана тілі» пәні екінші жартыжылдықта 102 сағат көлемінде оқытылады.
Сондай-ақ оқу бағдарламаларында ауызша сөйлеу мәдениетін дамытуға, мәтінді түсініп оқуға, оқырман сауаттылығын қалыптастыруға және жазбаша коммуникация дағдыларын жетілдіруге басымдық берілген.
Жаңа оқу жылынан бастап міндетті пәндер көбейеді
Жаңа оқу жылында мектеп бағдарламасына бірнеше жаңа міндетті пән енгізіледі.
Атап айтқанда:
- 5–7 сыныптарда – «Конституция негіздері» пәні;
- 8–11 сыныптарда – «Заң және тәртіп» міндетті курсы;
- 5–11 сыныптарда – «Жеке қауіпсіздік» курсы оқытылады.
Сонымен бірге келесі оқу жылынан бастап 8–9 сыныптарда «Қазақстан географиясы» пәні қайта енгізіледі.
Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылған «Құқық негіздері» енді барлық оқушылар үшін міндетті пәнге айналып, жаңа Конституция талаптарына сай жаңартылған мазмұнда жүргізіледі.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсаты – мектепке дейінгі және бастауыш білімнің сапасын арттыру арқылы елдің адами капиталын дамыту.
«Сапалы бастауыш білім – сапалы орта білімнің, ал сапалы орта білім еліміздің бәсекеге қабілетті адам капиталының негізіне айналуы тиіс», – деді министр.
Оқу-ағарту министрлігі енгізіліп жатқан өзгерістер балалардың жас ерекшеліктерін ескеруге, білім беру сапасын арттыруға және жаңа Конституцияда айқындалған білім беру саясатын тиімді іске асыруға бағытталғанын атап өтті.





