Мемлекет басшысы жаңа қаланың табысты дамуы ең алдымен сапалы адами капиталға байланысты екенін атап өтті.
«Қаланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету де – бірінші қатардағы мәселе», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Alatau City бас жоспарында қарастырылған «Golden District» ауданы халықаралық деңгейдегі білім және ғылым орталығына айналуы тиіс.
«Алатаудың бас жоспарында «Golden District» ауданы болашақта халықаралық білім және ғылым орталығы болады деп көрсетілген. Қалада озық білім беретін орта қалыптастыру үшін жүйелі жұмыс жүргізу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ қаланың туристік әлеуетіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, «Green District» ауданы болашақта миллиондаған турист қабылдай алатын тартымды туристік кластерге айналуы керек.
Бұл ретте Қапшағай су қоймасы маңындағы демалыс аймағын дамыту маңызды рөл атқарады.
«Қапшағай су қоймасындағы демалыс аймағының маңызы айрықша болады. Бірақ мұнда жұрт жаз айларында ғана емес, жыл бойы демалатындай жағдай жасау қажет», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, өңірде қысқы және жазғы туризмді қатар дамыту үшін шаңғы, сноуборд, коньки тебу, балық аулау секілді қызмет түрлерін дамыту қажет.
Мемлекет басшысы жоспарланған жобалардың тек қағаз жүзінде қалып қоймауы үшін нақты инфрақұрылымдық шешімдер қабылдау керектігін атап өтті.
Сонымен қатар, Президент Қапшағай су қоймасының жағалауындағы ретсіз құрылысты тоқтатуды тапсырды.
«Су қоймасының жағалауындағы бей-берекет құрылысты доғару керек, барлық жұмыс рет-ретімен, бас жоспарға сай жүргізілуге тиіс», – деді ол.
Президенттің пікірінше, өңірдегі туристік нысандардың сәулеттік келбетіне де ерекше мән беру қажет.
«Қонақ үйлер мен мейрамханалардан бастап, демалыс саябақтарына дейін барлық нысандардың сырт келбетіне баса назар аударған жөн. Олардың сәулеті, яғни архитектуралық стилі көрікті және бірыңғай болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, заманауи әрі сапалы туристік инфрақұрылым өңір экономикасының дамуына серпін беріп, түсетін кірісті қайтадан аймақты дамытуға бағыттауға мүмкіндік береді.
«Түптеп келгенде, қала инфрақұрылымы туризмнің қарқынды, сапалы дамуына жол ашуы керек. Осылайша, түскен қаражатты осы аймақтың игілігіне жұмсауға болады», – деп түйіндеді Президент.





