20 жастағы ақтөбелік Арманбек Қайрон биыл маусым айында Орал қаласында әскерге шақырылған. Шілде айының соңында Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде ант қабылдаған. Алайда он күннен кейін облыстық психоневрологиялық диспансерге түскен. Бұл туралы Арманбектің туыстары кездейсоқ біліп қалған.
«Арманбектің ата-анасы жоқ, мен оның қамқоршысымын. Арманбек диплом алған күні әскерге алып кетті. Маусым айында шақырылды, 30 шілдеде ант қабылдады. Біз қатыстық, көңіл-күйі жақсы болған. Әскерге өзі барғысы келді. Он күннен кейін баланың психикалық ауруханада жатқанын білдік. Қазір жағдайы нашар. Біреумен төбелескен деп ойлаймыз. Арманбек бізден өзін алып кетуімізді өтінді. Бұрын ол аттан құлап, миы шайқалған. Оны әскерге шақырар алдында тексермеген де. Біз оны алып кеткіміз келеді. Оны аяусыз ұрған, бірақ ешкім бұл туралы айтпай отыр», – дейді сарбаздың туысы Тойбазар Аманбаев.
Ал 5517 әскери бөлімінің командирі Сағындық Хайдаров 9 тамыз күні Арманбек Қайрош медпунктке жүгінгенін айтады. Оның айтуынша, сарбаз өзіне бір нәрсе істегісі келетінін айтқан. Командир оны медпунктке апарған, акт толтырылған. Әскери полиция сарбаздың денесінде ұрып-соғу іздері жоқ екенін анықтап, тіркеген.
Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары Бақыт Алазовтың айтуынша, 9 тамызда сапта тұрғанда әскери қызметші өзін біртүрлі ұстап, саптан шығып кетіп, әріптестеріне әдепсіз сөйлеген. Бұл үшін басқа сарбаздар шағымданған.
«Біз оны медициналық пунктке апардық. Психолог сөйлесіп, психиатр-дәрігерге апаруды ұсынды. Себебі, өздеріңіз білетіндей, психолог дәрігер емес, ол ем тағайындамайды. Оны психиатр дәрігер қарап, «Бейімделудің бұзылуы» деген диагноз қойып, ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдады. Бұл материал әскери полицияда тіркелген. Қызметтік тергеу тағайындалды. Түсініңіздер, біз оны психиатрға апаруға міндеттіміз. Өйткені, мұндай жауапкершілікті мойнымызға ала алмаймыз», – деді Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары Бақыт Алазов.
Сонымен қатар, Бақыт Алазов сарбазға қойылған диагноз әлі нақтыланбағанын атап өтті. Енді әскери қызметкер екі ай емделуге тиіс. Содан кейін оны әскери-дәрігерлік комиссия қарап, ары қарай қызметін жалғастырып-жалғастырмайтынын шешеді.