– Нұрсұлтан Ақылбекұлы, мемлекеттік қызметтегі адалдық дегенді қалай түсінесіз?
– Мемлекеттік қызметші болу – тек белгілі бір лауазымды атқару емес. Бұл – мемлекет пен азамат арасындағы сенімге жауап беру. Меніңше, мемлекеттік қызметтегі адалдық ең алдымен күнделікті қарапайым таңдаудан басталады.
Мемлекеттік қызметші күн сайын азаматтардың өтінішін қарайды, шешім қабылдайды, құжаттарға қол қояды, мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бір қарағанда, бұл – күнделікті қалыпты жұмыс. Алайда осы әрекеттердің әрқайсысы азаматтың мемлекеттік органға ғана емес, тұтастай мемлекетке деген көзқарасына әсер етеді.
– Сонда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда заң талаптарын сақтау жеткіліксіз бе?
– Заң талаптарын сақтау – міндет. Бірақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды тек заң талаптарын орындаумен шектеуге болмайды. Оның негізінде мемлекеттік қызметшінің ішкі мәдениеті, кәсіби әдебі мен жеке жауапкершілігі тұруы керек.
Әрбір мемлекеттік қызметші өзіне: «Менің бүгінгі шешімім заңға ғана емес, әділдік қағидатына да сай ма?» деген қарапайым сұрақты қойып отырғаны дұрыс. Бұл – өте маңызды.
– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда қандай шектеулерге ерекше мән берген жөн?
– Қолданыстағы заңнамада мемлекеттік қызметшілер мен өзге де тиісті тұлғалар үшін бірқатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер белгіленген. Олардың басты мақсаты – қызметтік өкілеттіктерді жеке мүддеге пайдалануға жол бермеу.
Бұл ретте мүдделер қақтығысына ерекше назар аударған жөн. Кейде адам өзінің жеке мүддесі мен қызметтік міндетінің арасында қайшылық туындағанын бірден аңғармауы мүмкін. Бірақ мұндай жағдайды жасырып қалу мәселені шешпейді. Керісінше, оны дер кезінде анықтап, заңда белгіленген тәртіппен реттеу – мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігін көрсетеді.
– Мемлекеттік қызметшінің лауазымдық мүмкіндігін жеке мақсатта пайдалануы қоғамның сеніміне қаншалықты әсер етеді?
– Адалдықтың маңызды өлшемдерінің бірі – қызметтік жағдайды жеке пайда үшін пайдаланбау. Бұл қағида мемлекеттік қызметтің барлық деңгейінде сақталуы тиіс.
Қарапайым мысал келтірейін. Азамат мемлекеттік органға белгілі бір қызмет алу үшін келеді. Ол үшін алдындағы мемлекеттік қызметшінің кім екенінен бұрын, мәселесінің әділ әрі заңға сәйкес шешілгені маңызды.
Егер азамат қызмет алу үшін таныс іздеуге, жеке байланыстарын пайдалануға немесе қосымша «жол» қарастыруға мәжбүр болса, бұл мемлекеттік институттарға деген сенімді әлсіретеді. Мемлекеттік қызмет барлығына бірдей қолжетімді әрі әділ болуы керек.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалай қалыптастыруға болады?
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Ол басшының жеке үлгісінен, ұжымдағы қарым-қатынастан, азаматпен сөйлесу мәнерінен, шешім қабылдаудың ашықтығынан басталады.
Яғни адалдық тек нормативтік құжаттарда жазылған талап болып қалмай, мемлекеттік органдағы күнделікті жұмыс мәдениетіне айналуы қажет.
– Мемлекеттік орган жұмысының тиімділігін бағалауда азаматтардың сенімі қаншалықты маңызды?
– Менің ойымша, мемлекеттік қызметтегі ең үлкен жетістік – тек заң бұзушылықтың болмауы емес. Ең бастысы – мемлекеттік органға келген азамат өзін құрметтелгенін сезініп, оның мәселесі әділ қаралатынына сенімді болуы.
Мемлекетке деген сенім дәл осындай күнделікті қарым-қатынастан басталады. Ал сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – сол сенімді сақтаудың маңызды шарттарының бірі.
– Демек, адал мемлекеттік қызметтің негізі әр қызметшінің жеке жауапкершілігіне келіп тіреле ме?
– Әрине. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек бақылаушы органдардың немесе заңнаманың міндеті емес. Ол әр мемлекеттік қызметшінің кәсіби ұстанымынан, күн сайын қабылдайтын шешімінен және азамат алдындағы жауапкершілігінен басталады.
Адалдық күнделікті жұмыстың ажырамас қағидатына айналғанда ғана мемлекеттік қызметтің сапасы артып, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімі нығаяды. Ал сол сенімді сақтау – әділетті әрі тиімді мемлекеттік басқарудың басты шарттарының бірі.





