Кездесуде тұрғындар жер телімі, электр энергиясы, газ, кәріз жүйесі және білім беру саласына қатысты мәселелерін көтеріп, олардың шешілуіне ықпал етуді сұрады.
Қабылдауға келген Еңбекшіқазақ ауданы Өрікті ауылының тұрғыны өзіне тиесілі егістік алқабында заңды түрде тіркелмеген зират орналасқанын айтты. Соның салдарынан ол жер телімінің 400 метрге жуық бөлігін мақсатына сай пайдалана алмай отыр.
«Егер зират жабылса, кемінде 50 метр жерді пайдалануға мүмкіндік туар еді», – деді тұрғын.
Ол аталған аумақта агротуризмді дамытып, қора-жай және басқа да қажетті нысандар салуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Алайда ауылдағы зират мәселесі өзекті болғандықтан, аудан әкімдігі оны жабу оңайға соқпайтынын мәлімдеді.
Өңір басшысы мәселені созбай, нақты шешім қабылдау қажеттігін айтты.
«Зират мәселесі күрделі екені белгілі. Бірақ мұны өзгеріссіз қалдырсақ, жыл сайын кеңейе береді, кейін ауылдың тура жанына жақындайды. Сондықтан зираттың орнын ауыстыру керек. Адамдар тұра алатын немесе ауыл шаруашылығы, туризм бағытында кәдеге жаратуға болатын жерді бейіт басына айналдыру дұрыс емес», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Жеке қабылдауда Іле ауданы Н. Тілендиев ауылының тұрғындары да экологиялық мәселе көтерді. Олардың айтуынша, елді мекен маңындағы кәсіпорындар мен «Алматы Су» мекемесінің кәріз жүйелерінен шығатын жағымсыз иіс тұрғындарға қолайсыздық туғызып отыр.
Бұған дейін жүргізілген тексеріс нәтижесінде жауапты тараптарға 13,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Алайда тұрғындардың сөзінше, қабылданған шаралар мәселені толық шешпеген.
«Бұл мәселені дұрыстап зерделеп, керек болған жағдайда айыппұл мөлшерін арттыру керек. Себебі оның зардабын күн сайын халық көріп отыр. Іс қозғап, прокуратурамен бірлесіп, тезірек шешімін табу қажет», – деді облыс әкімі.
Ал Еңбекшіқазақ ауданындағы «Алтын адам» саяжайының төрағасы электр энергиясының тарифіне байланысты қалыптасқан жағдайды баяндады. Оның айтуынша, саяжай Есік қаласындағы «Алатау Жарық» компаниясы арқылы электр энергиясымен қамтылған. Мұнда тұратын 130 отбасының 105-і электр энергиясын кооператив арқылы тұтынып, белгіленген тариф бойынша әр киловатт-сағатқа 42 теңге төлейді.
Ал қалған 25 үйдің тұрғындары бес жылдан бері жеке тұлға арқылы 37 теңгелік тарифпен электр энергиясын пайдаланып келген. Соның салдарынан кооперативтің қарызы 1,96 млн теңгеге жеткен.
Бұдан бөлек, саяжай тұрғындары жер телімдерін рәсімдеуде қиындықтарға тап болған. Бұл өз кезегінде елді мекенге газ желісін тартуға кедергі келтіріп отыр.
«Заң бәріне ортақ. Мәселені бүге-шүгесіне дейін қайта қарап, талапқа бағынбағандарды жауапқа тарту керек. Тұрғындарға полиция қызметкерлерімен бірге түсіндіру жұмысын жүргізіп, тәртіпке келтіру қажет. Бірнеше адамның кесірінен тұтас саяжай зардап шекпеуі керек. Одан бөлек, егер жерге қатысты түйткіл шешілсе, газ желісін жүргізуге мүмкіндік туады. Сонда өзге мәселелер бірден шешіледі», – деді аймақ басшысы.
Жауапты мамандардың мәліметінше, қазіргі уақытта саяжайды елді мекен санатына ауыстыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл рәсім шамамен екі ай уақытты алады. Осыдан кейін жер телімдерін рәсімдеу және инженерлік инфрақұрылым тартуға қатысты бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік туады.
Қабылдауда Қарасай ауданындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің тұрғындары да балаларды мектеп оқулықтарымен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.
Бұған дейін аталған аумақта мектептердегі орын тапшылығын азайту үшін 2 мың оқушыны жекеменшік мектепте әкімдік есебінен тегін оқыту туралы шешім қабылданған. Алайда мектеп жекеменшік болғандықтан, оқушыларға оқулық берілмей отыр.
Марат Сұлтанғазиев биыл оқулықтармен қамтамасыз етуге 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгенін атап өтіп, бюджет қаражатын тиімді пайдалану қажеттігін айтты. Облыстық білім басқармасына басқа мектептердегі артық оқулықтарды жинақтап, жаңа оқу жылы басталғанға дейін балаларға жеткізуді тапсырды.
Жеке қабылдауды қорытындылаған облыс әкімі аудан әкімдері мен басқарма басшыларына тұрғындар көтерген әрбір мәселені бақылауға алып, оларды аяқсыз қалдырмауды міндеттеді. Сондай-ақ жауапты тұлғаларға халықпен кері байланысты күшейтіп, берілген тапсырмалардың уақытылы әрі нақты орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді.





