Кеше кешкі сағат 21:00 шамасында Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты орталық полиция бөліміне қаладағы ауруханалардың біріне жаңа туған ер бала жеткізілгені туралы хабарлама түсті. Ол көпқабатты үйлердің ауласынан қорап ішінен табылған. Оқиға орнына шұғыл түрде жедел-тергеу тобы барды. Оқиға куәгері — 21 жастағы тұрғынның айтуынша, кешкілік уақытта үйінен шығып бара жатқанда ауладағы орындықта тұрған картон қорапты көрген. Ішінде көрпешеге оралған сәби жатқан. Нәресте жақын маңдағы ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің сөзінше, анасы шамамен екі сағат бұрын үй жағдайында босанған.
«Нәресте мерзімінен бұрын дүниеге келгендіктен, жағдайы әзірге ауыр. Қазіргі уақытта бала перинаталдық орталықта дәрігерлердің бақылауында», — деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері баланың 23 жастағы анасын анықтап, ұстады. Жас ана облыс тұрғыны екені белгілі болды. Аталған факті полицияда тіркелді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.