Ақкістің табиғи ортадағы әрекетін Қарабұлақ орманшылығының мемлекеттік инспекторы Б. М. Қойшыбаев бейнежазбаға түсірген. Көлемі шағын болғанымен, бұл жануар шапшаңдығымен, ептілігімен және сақтығымен ерекшеленеді.
Ақкіс (Mustela erminea) – сусарлар тұқымдасына жататын ұсақ жыртқыш сүтқоректі. Ол негізінен тышқан тәрізді кеміргіштермен қоректенеді. Осы арқылы кеміргіштер санын табиғи жолмен реттеуге қатысып, экожүйедегі тепе-теңдіктің сақталуына ықпал етеді.
Бұл жануардың тағы бір ерекшелігі – жыл мезгіліне қарай жүнінің түсін өзгертуі. Жазда ақкістің жүні қоңырқай түсті болса, қыс мезгілінде аппақ реңкке енеді. Мұндай табиғи бейімделу оған қарлы ортада көзге түспеуге, жыртқыштардан жасырынуға және жемтігіне байқатпай жақындауға мүмкіндік береді.
Ақкіс табиғатта өте сақ тіршілік ететіндіктен, оны жақыннан бақылау оңай емес. Сондықтан ұлттық парк аумағында түсірілген мұндай бейнежазбалар өңірдің жануарлар дүниесін танып-білу тұрғысынан қызығушылық тудырады.
«Көлсай көлдері» ұлттық паркі – Алматы облысының табиғаты көркем, биологиялық алуантүрлілігімен ерекшеленетін қорғалатын аумақтарының бірі. Мұнда табиғи экожүйелерді сақтау және жабайы жануарлардың мекен ету ортасын қорғау маңызды міндеттердің қатарында.





