Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры Қонаев қаласындағы «Қонаев қаласының күндізгі болу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтап, арнайы сыйлықтар табыс етті.

Бұл орталықта 1,5 мен 18 жас аралығындағы психоневрологиялық аурулары бар, тірек-қимыл қозғалысы бұзылған балалар күндізгі бөлімде арнайы әлеуметтік қызмет алады.
Мереке қарсаңында балалардың күнделікті күтіміне қажетті жағдайды жақсарту мақсатында орталық биыл Halyk қорына қолдау көрсету жөнінде хабарласқан. Қор бұл істі назардан тыс қалдырмай, кеңейтілген ауқымда әлеуметтік көмек ұйымдастырды: 60 тәрбиеленушіге арналған сыйлық жиынтықтарын әзірлеп, мерекелік ойын-сауық бағдарламасын ғана емес, орталықтың балаларына арналған бірқатар қосымша әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асырды.

Halyk қайырымдылық қорының бас директоры Сағынбек Шүңкеевтің айтуынша, Балаларды қорғау күні қор үшін ерекше маңызға ие күндердің бірі.
«Бұл тек сыйлық тарату емес, балаларға көңіл бөліп, олардың қуанышын бөлісу. Баланың күлкісі – қоғамның ізгіленуінің көрінісі. Сондықтан қор жыл сайын балаларға арналған бастамаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді», – деді ол.
Айта кету керек, бұл қордың Қонаев қаласындағы орталықпен алғашқы ынтымақтастығы емес. Өткен жылы да тәрбиеленушілерге мерекелік қолдау көрсетіліп, балаларға сыйлықтар табысталған болатын.
Жалпы, Halyk қайырымдылық қоры 2016 жылдан бері елімізде білім беру, спорт, мәдениет, экология және инфрақұрылым бағыттарында 214-тен астам жобаны жүзеге асырып, қайырымдылық мақсаттарға 90,4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді.





