Сот шешімімен браконьерлікпен айналысқан азаматтардың бірі бас бостандығын шектеу жазасына кесілсе, екіншісі психикалық жағдайына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 30 қазанда «Браконьер» жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Балқаш көлінде полиция қызметкерлері мен балық шаруашылығы инспекциясының мамандары Т. және П. есімді азаматтарды ұстаған.
Тергеу барысында олардың «Yamaha-40» моторымен жабдықталған қайықты және ұзындығы 500 метр синтетикалық ау торын пайдаланып, 261 келі балықты заңсыз аулағаны анықталған. Заңсыз әрекеттің салдарынан мемлекетке 1 277 506 теңге көлемінде залал келтірілген.
Сот үкімімен Т. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабы бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл мерзімге балық аулау құқығынан айырылды. Сондай-ақ оған үш жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Бұдан бөлек, сотталушы жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды.
Сот сондай-ақ мемлекетке келтірілген шығынның өтелмеген бөлігін сотталушыдан толық өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының кінәсін толық мойындауын, шын жүректен өкінуін және мемлекетке келтірілген залалдың 890 мың теңгесін өз еркімен өтегенін жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.
Ал екінші айыпталушы П. құқық бұзушылықты жасаған кезде өзінің іс-әрекетіне есеп бере алмайтын психикалық жағдайда болғаны анықталған. Осыған байланысты ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 16 және 75-баптарына сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
Сонымен қатар сот Қылмыстық кодекстің 93 және 95-баптарына сәйкес оған тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық дәрігерлік бақылаудан өту түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енді.





