Нұрбек Ерғаливтің өлімі туралы ақпарат алғаш әлеуметтік желіде пайда болды. Ол бір айдан кейін борышын аяқтап, үйіне оралуы тиіс болған. Алайда 18 тамыз күні жақындарына оның табыты жеткен.
«Әскерге борышын өтеуге кеткен ақтаулық сарбаз 2003 жылы туған Ерғалиев Нұрбек Наурызұлы 2022 жылдың 18 тамызында үйіне табытпен оралды. Ол әскерге былтыр күзде кетті, үйіне оралуға 1 ай қалған екен. Түнде инстаграмыма сарбаздың туыстары хат қалдырыпты», — деп жазады Бибігүл Рамазан Facebook парақшасында.
Туыстарының мәліметінше, бес сарбаз нарядтан түсіп келе жатқанда көліктері сынған. Үш сарбаз бұзылған көлікте қалып, марқұм Нұрбек пен командирі көмек сұрау үшін ұялы байланыс ұстайтын жер іздеп кеткен.
«Сарбаз мәйітханада жатыр. “Жолда әлсіреп бастарымыз айналып құстық, Нұрбектің аяғы істен шығып, әлсіреп өліп қалды” депті командирі. Қасындағы жігіт жолға шығып жаттым көмек келді депті. Сарбаз күндіз қайтыс болды, үйіне қаралы хабарды түнгі 3 те жеткен. 15 тамыз күні сарбаздардың әлеуметтік желідегі группасынан Нұрбек шығып кеткен, ол да белгісіз сұрақ? Нарядқа кеткен сарбаздар ішке келмеген соң, сағат 12:00 де артынан іздеп, екі көлік жібердік, кешкі сағат 6 кезінде сарбаздар табылған. Оқиға 80 шақырым жерде болған. Сонда сарбаздар таңертең нарядқа кетіп, көлік бұзылса, қолдарында 7 литр су бола тұра, неге отыра бермейді деген туыстарының жазбасы желіде тарап жүр», – деп жазған әлеуметтік желіде.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша «кенеттен жүрек өлімі» деп көрсетілген. Жауынгердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің басшылығы мен жеке құрамы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, оның отбасына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдайды», — деп мәлімдеді
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.