17 жастағы Али Лоян Еңбекшіқазақ ауданындағы Максим Горький атындағы орта мектептің түлегі. Ол ҰБТ-да Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихы пәндерін таңдап, шекті балды толық жинаған. Қалған ұпайлары IELTS және SAT халықаралық емтихандарының нәтижесі арқылы есептелген.
Жас түлектің айтуынша, ол дайындықты 10-сыныптың соңында бастаған.
«Алдымен ағылшын тілін оқып, халықаралық емтихандар тапсырдым. Кейін 11-сыныптан бастап жүйелі түрде дайындала бастадым. Достарым футбол ойнауға немесе серуендеуге шақырғанда, мен мақсатым үшін дайындалуым керек деп бас тартатынмын. Себебі бір жетістікке жету үшін кей нәрседен уақытша бас тартуға тура келеді», — дейді Али Лоян.
Талапкер бұл нәтижені ұзақ дайындық пен табандылықтың жемісі деп есептейді. Оның айтуынша, жоғары балл жинау тек біліммен ғана емес, тәртіп пен тұрақты еңбекті талап етеді.
Али халықаралық деңгейде білім алуға мүмкіндігі бола тұра, Қазақстанда қалуды жөн көрген. Ол SDU университетінің шет тілдері факультетіне түсуді жоспарлап отыр.
Болашақта ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгеріп, туризм саласын дамытуға үлес қосуды мақсат етеді.
«Қазақстан бойынша алтыншы болып 140 балл жинадым. Өз облысым мен ауылымның атын шығарғаныма қуаныштымын. Болашақта шетелден келген туристерге еліміздің әдемі жерлерін таныстырып, туризмнің дамуына үлес қоссам деймін», — дейді мектеп түлегі.
Түлектің анасы Анар Жақсыбаева ұлының бұл жетістігі үлкен еңбектің нәтижесі екенін айтады.
«Нәтижесін естігенде алғашында сенбедім. Қайта сұрап, «Шынымен 140 па?» дедім. Әрине, қатты қуандым. Оның қаншалықты дайындалғанын көрдік. Бұл — біздің отбасымыз үшін үлкен мақтаны», — дейді ол.
Айта кетейік, жоғары нәтиже көрсеткен түлекке 1 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды. Енді Али Лоян алдағы қорытынды емтихандарды сәтті тапсырып, «Алтын белгі» атағын қорғауды жоспарлап отыр.





