Сол себепті балалардың қауіпсіздік дағдыларын мектепке дейінгі кезеңде қалыптастыру қажет.
«Балалар жолда жүру ережесін сіз бен бізден үйренеді. Көп жағдайда балалар жолда жарақат алып, түрлі жағдайға ұшырап жататыны көлік жүргізушілерінің ғана кінәсінен емес, ол көбінесе балалардың жол жүру ережесін білмегендігінен де болады. Балаларға жолда жүру ережелерін үйретіп, үнемі оған үлгі көрсетіп және жүріс-тұрысын қадағалап, балаларды көшеде болатын қауіпті жағдайлардан сақтандыру әрбір ата-ананың міндеті», – дейді Алматы облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Ысқақов.
Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Балалар жарақатының алдын алу, сондай-ақ, алдағы оқу жылында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әкімшілік полиция қызметкерлері мен мектеп, мектепке дейінгі оқу мекемелерінің ұжымы бірлесіп, жол жүрісін реттеу техникалық құралдарына, жолдарға, көшелерге тексеру жұмыстарын жүргізді.
«Барлығы 356 мектеп және 126 балабақша маңындағы көше-жолдар тексеріліп, тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жоюға жауапты мекемелерге 172 ұйғарым жолданды», – деді полковник Нұрлан Ысқақов.