Мамандардың айтуынша, оң өзгеріске қауіпті жол учаскелеріне орнатылған бейнебақылау камераларының ықпалы көп. Камералар арқылы биылғы алты ай ішінде жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілерге 10,1 миллиард теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Оның 8,16 миллиард теңгесі мемлекет кірісіне өндірілген.
Жиында облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының жұмысы да сараланды. Ведомство қаңтар–маусым айларында жоспарланған көрсеткіштерді 100,7 пайызға орындаған.
Басқарма басшысы өңірде интернет инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жобаның жүзеге асып жатқанын айтты. Атап айтқанда, шілде айының басында «Көшпенділер қаласы» туристік кешенінде сапалы интернет желісі іске қосылған. Ал ASP Arena кешенінде тамыз айында қосымша мобильді байланыс орнатылады.
Сонымен қатар Қазақ–Қырғыз шекарасындағы Қарқара өткізу бекеті мен Қара шатқал аумағына жаңа базалық станциялар орнату мәселесі қарастырылып жатыр. Алатау қаласындағы байланыс сапасын жақсарту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда «Алматы – Қонаев» автожолының бойындағы Жетіген бұрылысында жеке инвестор антенна-діңгек құрылысын аяқтап, базалық станцияны іске қосуға дайындық жүргізуде.
Бұдан бөлек, Жаңаарна және Құйған шағынаудандарында талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы басталған. Бір ай ішінде тұрғындар жоғары жылдамдықты интернетке қосылады деп жоспарланып отыр.
Жақын уақытта облыс бойынша тағы 16 жаңа базалық станция пайдалануға беріледі. Оның ішінде Қонаев қаласында – 2, Жамбыл ауданында – 7, Қарасай ауданында – 4, Іле, Ұйғыр және Райымбек аудандарының әрқайсында бір станциядан іске қосылады.
Жиында бейнебақылау жүйесінің тиімділігін арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Осы мақсатта көлік қозғалысы мен адам көп шоғырланатын аумақтарды талдау нәтижесінде 325 аппараттық-бағдарламалық кешеннің 33-і тиімділігі жоғары орындарға көшірілген.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жауапты сала басшыларына бейнебақылау камераларының үздіксіз жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
«Камераларды орнатып қою жеткіліксіз. Ең бастысы – олардың тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Сонымен қатар полиция департаментімен бірлесіп, қоғамдық орындарды ластау, белгіленбеген жерде темекі шегу секілді әкімшілік құқық бұзушылықтарды да осы камералар арқылы анықтап, заң талаптарына сәйкес шара қолдану қажет. Жаңа талапқа сәйкес тұрғындар енді өз үйлерінің айналасындағы бес метр радиустағы аумақтың тазалығына жауапты. Бұл талаптың орындалуына да бақылауды күшейту керек. Цифрлық технологиялар қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етудің тиімді құралына айналуы тиіс», – деді өңір басшысы.





