Бір аптаға созылған ел біріншілігінде Қазақстанның 15 өңірінен келген 100-ге жуық үздік спортшы ел чемпионы атағы үшін ғана емес, қараша айында Түркияда өтетін әлем чемпионатына берілетін жолдамалар үшін де тартысты дода өткізді.
Чемпионат U-19 және U-21 жас санаттары бойынша халықаралық талаптарға сәйкес классика, рапид және блиц бағдарламалары аясында ұйымдастырылды. Мұндай формат спортшылардың тек теориялық дайындығын ғана емес, жылдам шешім қабылдау қабілеті мен психологиялық төзімділігін де сынады.
Қазақстан ұлттық құрамасының тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімовтің айтуынша, бұл жарыс жас спортшылардың кәсіби қалыптасуындағы маңызды кезең саналады.
«Бұл чемпионат көптеген жас спортшы үшін үлкен сынақ болды. Жоғары нәтижеге жету үшін ойын техникасын жетік меңгеру жеткіліксіз. Әртүрлі дисциплиналарға тез бейімделіп, психологиялық қысымды еңсере алған спортшылар ғана жеңіске жетеді. Осындай жарыстарда ұлттық құраманың болашақ негізгі құрамы қалыптасады», – деді ол.
Алматы облысының аға жаттықтырушысы Ерболат Қылышбаев қазіргі жас ойыншылардың батыл тактикасы мен тың шешім қабылдауға бейімділігі ерекше көзге түсетінін атап өтті.
Жарыс барысында рапид, блиц және классика бағдарламалары бойынша барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Рапидте U-19 қыздар арасында Батыс Қазақстан облысының өкілі Самира Оразмұханбет жеңімпаз атанса, ұлдар арасында Алматы қаласының спортшысы Мейірлан Нұрланұлы топ жарды. U-21 санатында Нұрай Мектепхан (Қызылорда облысы) мен Қайрат Тұрарбек (Ақтөбе облысы) алтын медаль жеңіп алды.
Блиц бағдарламасында U-19 қыздар арасында Абай облысының спортшысы Аяна Исахан, ал ұлдар арасында Павлодар облысының өкілі Надир Ахметов чемпион атанды. U-21 санатында қыздар арасында павлодарлық Аяна Темірболатова, ұлдар арасында Алматы облысының намысын қорғаған Ернұр Батыр жеңіске жетті.
Классика бағдарламасында U-19 санатында Самира Оразмұханбет пен Ердәулет Оралбай (Түркістан облысы) чемпион атанса, U-21 жас ерекшелігінде Ақбота Намаз (Түркістан облысы) мен Алматы қаласының спортшысы Елдар Дәкен алтын медаль иеленді.
Турнирде Алматы облысының намысын сәтті қорғаған халықаралық деңгейдегі спортшы Ернұр Батыр бәсекенің жоғары деңгейде өткенін айтты.
«Әр партия барынша мұқият болуды талап етті. Қарсыластар өте мықты дайындалғандықтан, қателесуге мүмкіндік болған жоқ. Алматы облысының намысын абыроймен қорғап, ел чемпионы атағын қайта растағаныма қуаныштымын. Жаттықтырушыларыма, командамызға және жанкүйерлерге алғыс айтамын», – деді ол.
Чемпионат қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Түркістан облысының құрамасы бірінші орынды жеңіп алды. Алматы қаласының командасы күміс жүлдеге ие болса, Павлодар облысының құрамасы үздік үштікті түйіндеді.
Қазақстан чемпионатында үздік нәтиже көрсеткен спортшылар енді қараша айында Түркияда өтетін тоғызқұмалақтан әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.





