1969 жылы салынған мектеп алғаш рет күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Алайда құрылыс жұмыстарының ұзаққа созылуы салдарынан мыңға жуық оқушы бірнеше жылдан бері қалыпты жағдайда білім ала алмай келеді. Қазір олар Мәдениет үйінде, ауыл әкімдігі ғимаратында және көрші елді мекендердегі мектептерде оқуға мәжбүр.
Мектепті күрделі жөндеу жұмыстарын бастапқыда «Sheberbuld» ЖШС қолға алған. Кейін компания жосықсыз мердігер деп танылып, өткен жылдың қыркүйегінде нысан «Еңбек Өскемен» ЖШС-ның қарауына берілген.
Жаңа мердігер білім ордасын биыл маусым айында пайдалануға беруге тиіс болған. Алайда құрылыс жұмыстары әлі аяқталмаған. Қазіргі таңда екі мердігерге қатысты сот процестері жүргізіліп, оларға айыппұл салынған.
«Еңбек Өскемен» ЖШС өкілдерінің айтуынша, құрылыс мерзімінің кешігуіне алдыңғы мердігер қалдырған кемшіліктерді түзетуге кеткен уақыт себеп болған.
«Қыркүйекке дейін мектеп дайын болуы тиіс»
Құрылыс алаңындағы жағдаймен танысқан облыс әкімі жұмыстың созбалаңға салынуына наразылық білдірді.
«»Еңбек Өскемен» компаниясына сенім артып, ғимаратты тапсырдық. Құрылысқа да, материалдарға да қажетті қаржы толық бөлінген. Оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалды. Ал атқарылған жұмыс көңілге қонымсыз. Бұл мәселені шұғыл шешу керек. Қыркүйекке дейін құрылыс толық аяқталуы тиіс», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ облыс әкімі қажет болған жағдайда мердігерді ауыстыру мәселесін қарастыруды тапсырды. Бұған қоса, нысанға қатысты құжаттарды Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолдауды міндеттеді.
Аймақ басшысы жауапты мемлекеттік органдарға құрылыс барысын күнделікті бақылауда ұстауды, ал міндетін тиісінше орындамаған компанияларға заң аясында қатаң шара қолдануды тапсырды. Сонымен бірге ауыл тұрғындарын қоғамдық бақылауға белсенді араласуға шақырды.
Жұмыс сапарын жалғастырған облыс әкімі Белбұлақ ауылындағы №10 орта мектепке де барды. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын болғанымен, құрылыс сапасына қатысты бірқатар кемшілік анықталған.
Тексеру барысында мектеп аумағындағы қосалқы нысандардың жөндеусіз қалғаны және спорт алаңы құрылысының жүйесіз жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
Марат Сұлтанғазиев анықталған барлық олқылықты қысқа мерзімде жоюды тапсырды. Сондай-ақ мектеп аумағын толық абаттандырып, барлық инженерлік және спорт инфрақұрылымын талапқа сай аяқтау қажеттігін айтты.
Облыс әкімі білім беру ұйымдарының сапасы мен қауіпсіздігі әрдайым басты назарда болуы тиіс екенін атап өтті.





