Қонаев қаласында Алматы облысы бойынша шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, аумақтық инспекция, Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының өкілдері мен мердігер компаниялар қатысты. Кездесуге облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Д. Сыдықов төрағалық етті.
Берілген мәліметтерге сәйкес, өңірде үйірлі және саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалпы 153 963 гектар аумақта жүргізіледі. Оның ішінде ерекше қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы 83 389 гектар жер қамтылмақ. Атап айтқанда, итальяндық прусқа қарсы – 61 369 гектар, ал азиялық шегірткеге қарсы – 22 020 гектар жер өңделеді. Сонымен қатар, саяқ шегірткелерге қарсы жұмыстар 70 574 гектар аумақта жүргізіледі.
Химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйымдар да анықталған. Олар – «7SU TRADE» ЖШС, «AVIASILA» ЖШС және «КазАвиация» ЖШС. Жұмысқа 1 жеңіл ұшақ, 6 аса жеңіл ұшақ және 30 бірлік жер үсті техникасы жұмылдырылады.
Қазіргі уақытта облыс аумағында шегірткенің күбіршектерін анықтау бойынша қазба жұмыстары басталып, 2000 гектар жер зерттелген. Мамандардың болжамынша, негізгі химиялық өңдеу жұмыстары мамыр айының бірінші онкүндігінде басталады.
Жауапты органдар шегіртке тектес зиянкестерге қарсы іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.





