Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған ірі кешен заманауи еуропалық технологиялармен жабдықталған. Мұнда картопты ұзақ уақыт бойы сапасын жоғалтпай сақтауға қажетті жағдай жасалған.
Кәсіпорынның жұмысымен Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов арнайы барып танысты. Аудан басшысы өндірістік инфрақұрылымды аралап, өнімді қабылдау, сақтау және тасымалдау үдерістерін ұйымдастыру барысын көрді.
Қойма кешені жалпы 16 секциядан тұрады. Әр секцияда еуропалық үлгідегі 1 700 жәшік орналастырылған. Өнімнің сапасын сақтау үшін Нидерландта өндірілген заманауи желдету жүйелері орнатылған. Бұл жабдықтар қойма ішіндегі температураны реттеп, ауа айналымын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кешеннің тағы бір ерекшелігі – жоғары өткізу қабілеті. Еуропалық қабылдау жабдықтарының көмегімен кәсіпорын тәулігіне 40 жүк көлігіне дейін қабылдай алады. Мұндай мүмкіндік ауыл шаруашылығы өнімдерін қабылдау және сақтау жұмыстарын үздіксіз жүргізуге жағдай жасайды.
Жоба Үкімет назарындағы маңызды бастамалардың бірі саналады. Оның жүзеге асырылуы отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымын жетілдіруге және ірі халықаралық компаниялармен өндірістік байланысты нығайтуға бағытталған.
Мамандандырылған қоймалардың болуы өнімнің сақталу мерзімін ұзартуға, сақтау кезіндегі шығындарды азайтуға және жеткізу тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мұндай инфрақұрылым жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінің ірі өңдеу кәсіпорындарымен ынтымақтастығын дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырады.





