Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма және департамент басшылары, аудан мен қала әкімдері, құқық қорғау органдарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Кеңесте әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, бюджеттің орындалуы, инвестициялық саясат пен кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.
Биылғы жоғары өсімнің негізгі қозғаушы күші – өнеркәсіп саласы. Әсіресе өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі едәуір ұлғайып, жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс істеп тұрған өндірістердің қуаты кеңейтілуде.
Жыл соңына дейін облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемін 2,7 трлн теңгеге жеткізу жоспарланған.
Сонымен қатар өңір экономикасына биылғы алты айда 532,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 18,5 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш облыстың инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын аңғартады.
Агроөнеркәсіп кешенінде 43 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр
Экономиканың негізгі салаларының бірі саналатын агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 594,7 млрд теңгені құрайтын 43 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде биыл жалпы сомасы 106,3 млрд теңгені құрайтын тоғыз жобаны пайдалануға беру көзделген.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев инвестициялық жобалардың тек іске қосылуы ғана емес, олардың толық өндірістік қуатқа шығып, нақты экономикалық нәтиже беруі маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын күшейтіп, мемлекеттік субсидиялардың тиімді жұмсалуына бақылауды арттыру қажеттігін тапсырды.
Әкімдік отырысында шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өңір басшысы мемлекеттік қолдау нақты экономикалық нәтижеге бағытталуы тиіс екенін айтты.
«Әрбір қолдау шарасы жаңа өндіріс орындарын ашуға, жұмыс орындарын құруға және бюджет кірісін арттыруға бағытталуы тиіс. Инфляция деңгейі мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өзгеруі – тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер ететін мәселе. Бұл жұмыс тек бағаны бақылаумен шектелмеуі тиіс. Өсім себептерін анықтау, алдын алу шараларын қабылдау, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету, тауар қорын қалыптастыру және баға тұрақтылығын сақтау бойынша нақты шаралар қабылдануы қажет», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Өңірде құрылыс саласы да тұрақты өсім көрсетіп отыр. Жарты жылдың ішінде 172 млрд теңгеден астам қаржыға құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жалпы көлемі 843,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Жиында оң нәтижелермен қатар, бірқатар салалардағы кемшіліктер де ашық талқыланды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, халықты жұмыспен қамту және денсаулық сақтау салаларында шешімін күткен мәселелер бар екені айтылды. Осыған байланысты облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдарға олқылықтарды қысқа мерзімде жою жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиынды қорытындылаған Марат Сұлтанғазиев жыл соңына дейінгі негізгі экономикалық мақсаттарға тоқталды.
«Қол жеткізілген нәтижелерге босаңсуға болмайды. Бірқатар бағыттарда әлі де өзекті мәселелер бар. Алдымызда ауқымды міндет тұр. Биыл жалпы өңірлік өнім көлемін 7,4 трлн теңгеге жеткізуіміз қажет. Бұл экономикаға қосымша 730 млрд теңге көлемінде өнім қосуды талап етеді. Мұндай нәтижеге экономиканың барлық саласында тұрақты өсімді қамтамасыз етпей қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан бекітілген жоспардың орындалуы тұрақты бақылауда болуы тиіс. Бұл – барлық деңгейдегі басшылардың жеке жауапкершілігі», – деді облыс әкімі.





