Жаңа білім ошақтары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша салынды.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа бес мектеп жалпы 4,2 мың оқушы орнына есептелген. Білім беру нысандары заманауи талаптарға сай жабдықталған.
Мектептерде STEM зертханалары, робототехника кабинеттері мен спорт залдары қарастырылған. Сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жүйелер орнатылып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылған.
Бұдан бөлек, өңірде 10 білім беру нысаны күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді.
Жаңа мектептерді салу және қолданыстағы білім ошақтарын жаңғырту жұмыстары оқушы орындарының тапшылығын азайтып, балалардың заманауи әрі қауіпсіз ортада сапалы білім алуына жағдай жасауға бағытталған.





