Қазақстан жаңалықтары - Alataunews
  • Русский язык
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
No Result
View All Result
Whatsapp
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
No Result
View All Result
Қазақстан жаңалықтары - Alataunews
No Result
View All Result
Басты бет Жаңалықтар

Алматы облысында бес жылда 43,7 миллион ағаш отырғызылды

Алматы облысында орман қорын сақтау, жасыл желекті көбейту және табиғи экожүйені қалпына келтіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы бес жылда өңірде 19,8 мың гектар аумаққа 43,7 миллион ағаш отырғызылған. Ал биыл орман алқаптарын қорғау және молайту жұмыстарына 333,6 миллион теңге қарастырылды, деп хабарлайды Alataunews.kz.

Қорлан Нұрланқызы
23.10.2026
Жаңалықтар

Алматы облысының мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 2,2 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде орманмен көмкерілген жерлердің көлемі 1,2 миллион гектарға жетеді. Өңірдегі орман ресурстарын қорғау, сақтау және қалпына келтіру жұмыстарын жеті орман шаруашылығы жүзеге асырады.

Мемлекет басшысының ел аумағында 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында Алматы облысында ормандарды молайту және орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспары қабылданған. Аталған құжатқа сәйкес, 2021–2027 жылдар аралығында 23,8 мың гектар жерге 52,6 миллион ағаш отырғызу көзделген.

Бүгінде жоспарланған жұмыстың басым бөлігі орындалды. Соңғы бес жыл ішінде 19,8 мың гектар аумаққа 43,7 миллион ағаш отырғызылып, кешенді жоспардың орындалу көрсеткіші 83 пайызға жетті.

Мамандардың болжамынша, жоспар толық жүзеге асырылғаннан кейін облыстың ормандылық деңгейі 14,9 пайыздан 15,2 пайызға дейін артады. Бұл өңірдегі жасыл аумақтардың кеңеюіне, топырақтың тозуын тежеуге және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етпек.

2026 жылы Алматы облысында 2 077 гектар аумақты қамтып, 4,6 миллион ағаш өсіру жоспарланған. Көктемгі маусымда 77 гектар жерге 508,9 мың көшет отырғызылып, белгіленген жоспар 109 пайызға орындалды.

Ал күзгі кезеңдегі негізгі жұмыстар қара сексеуіл алқаптарын көбейтуге бағытталған. Жоспар бойынша 2 мың гектар жерге 10 мың келі қара сексеуіл тұқымы себілуі тиіс. Оның нәтижесінде шамамен 4,14 миллион өсімдіктің өсіп шығуы күтіледі. Қазіргі уақытта тұқым себуге арналған 2 мың гектар жер толық дайындалған. Сонымен қатар қажетті 10 мың келі тұқымның 7 мың келісі жиналды. Қалған тұқым жиналып, сапасына қатысты сараптама қорытындысы алынғаннан кейін егу жұмыстары басталады.

Қара сексеуіл – шөлейт аймақтардың табиғи тепе-теңдігін сақтауда маңызды рөл атқаратын өсімдік. Оның тамыр жүйесі құм көшкінін тежеуге, топырақты бекітуге және жердің шөлейттену қаупін азайтуға көмектеседі. Сондықтан сексеуіл алқаптарын ұлғайту өңірдің экологиялық қауіпсіздігі үшін маңызды.

Орман қорын ұлғайтумен қатар, қолданыстағы жасыл алқаптарды табиғи және техногендік қауіптерден қорғау да басты міндеттердің бірі болып отыр. Қазіргі уақытта Алматы облысында 13 орман өрт сөндіру станциясы жұмыс істейді. Өрт ошақтарын ерте анықтау және орман аумақтарын бақылау мақсатында 19 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұдан бөлек, орман алқаптарын қадағалауға сегіз ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған.

Мемлекеттік орман күзеті қызметінің көлік құралдарымен және қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі нормативтік көрсеткіштің 90 пайызына жеткен. Мұндай техникалық мүмкіндіктер орман өрттерін дер кезінде анықтауға, олардың таралу қаупін азайтуға және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

2026 жылы Алматы облысында орман шаруашылығы саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға және жасыл алқаптарды ұлғайтуға бюджеттен қомақты қаражат қарастырылған. Атап айтқанда, орман қорғау техникаларын сатып алуға 161,9 миллион теңге, ал ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайту жұмыстарына 171,7 миллион теңге бағыттау көзделген.

Осылайша, аталған екі бағытты қаржыландырудың жалпы көлемі 333,6 миллион теңгені құрайды. Бөлінген қаражат орман шаруашылықтарының техникалық мүмкіндіктерін арттыруға, орман алқаптарын қорғау шараларын күшейтуге және жаңа жасыл аумақтарды қалыптастыруға бағытталмақ. Жалпы, Алматы облысында орман қорын молайту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Алдағы міндет – отырғызылған көшеттердің жерсінуін қамтамасыз ету, орман өрттерінің алдын алу және жоспарланған жасыл алқаптардың көлемін ұлғайту. Өйткені орманды көбейту тек жаңа көшет отырғызумен шектелмейді. Ең маңыздысы – олардың өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай жасап, қалыптасқан табиғи байлықты келер ұрпаққа сақтап жеткізу.

Тегтер: Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында бес жылда 43,7 миллион ағаш отырғызылды

Қорлан Нұрланқызы
23.10.2026

Алматы облысында 180 мың тоннадан астам астық қамбаға құйылды

Қорлан Нұрланқызы
23.10.2026

Қонаевта Республика күніне орай қандай іс-шаралар өтеді?

Қорлан Нұрланқызы
22.10.2026

Алматы облысында 100 адам бір күнде 300 келі сексеуіл тұқымын жинады

Қорлан Нұрланқызы
22.10.2026

38 жаңа нысан, 3 мың дәрігер: Алматы облысында медицина саласы қалай дамып жатыр?

Қорлан Нұрланқызы
22.10.2026

  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
ZERO.kz

© 2022-2024 www.alataunews.kz

  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
  • Русский язык

© 2022-2024 www.alataunews.kz