Жергілікті шаруалар мен қытайлық инвесторлардың бірлескен бастамасы өңірдегі ауыл шаруашылығын әртараптандыруға бағытталған.
Жоба аясында өткен жылы жер жырту жұмыстары жүргізілсе, биыл көктемде 250 гектар алқапқа кендір тұқымы себілді. Мамандардың айтуынша, алғашқы өнім күткендегідей болса, егіс көлемі алдағы жылдары 3000 гектарға дейін ұлғайтылып, шикізатты терең өңдейтін зауыт салу жоспарланып отыр.
Егістік алқабына арнайы барған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жобаның өңір үшін маңызын атап өтті.
«Кендір көбіне еліміздің солтүстік өңірлерінде өсіріледі. Алматы облысында бұл дақыл алғаш рет тәжірибе ретінде егілуде. Бұл өте жақсы бастама деп есептеймін. Өсімдіктің ауданның табиғи-климаттық ерекшеліктеріне бейімделіп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан күзде жақсы өнім аламыз деп үміттенеміз. Оның үстіне мұнда заманауи технологиялар қолданылуда. Бұл тек бастамасы ғана, болашақта жобаның ауқымы бірнеше есе кеңеюі мүмкін. Жалпы жобаға 4 миллиард теңге инвестиция салынады, ал әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі», – деді облыс әкімі.
Мамандар кендірдің экологиялық таза әрі қайта өңдеуге қолайлы дақыл екенін айтады. Оның тұқымынан тағамдық және техникалық май, косметикалық өнімдер, сондай-ақ мал азығы өндіріледі. Ал сабағы тоқыма өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Одан киім-кешек, қаптар, орау материалдары және басқа да тұрмыстық бұйымдар дайындалады.
Жоба толық іске асқан жағдайда өңірде жаңа өндіріс орындары ашылып, қосымша жұмыс орындары құрылады. Қазірдің өзінде егістік алқабында 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жоба авторларының пікірінше, жаңа өндіріс ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзін қалыптастырып қана қоймай, жастардың ауылда тұрақтап, еңбек етуіне мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде урбанизация қарқынын төмендетіп, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.
Айта кетейік, соңғы жылдары Алматы облысында ауыл шаруашылығын әртараптандыруға және инвестиция тартуға бағытталған жобалар саны артып келеді. Райымбек ауданындағы кендір өсіру бастамасы да осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі болмақ.





