Жамбыл ауданында ауылішілік автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 915 шақырым. Қазіргі уақытта оның 76,1 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Жергілікті билік бұл көрсеткішті жақсарту мақсатында жолдарды кезең-кезеңімен жөндеуді қолға алған.
2026 жылы аудан бойынша 16 нысанда жалпы ұзындығы 60,7 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Бүгінде соның 45,4 шақырымында жұмыстар аяқталды. Қалған учаскелерде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Аудан әкімінің айтуынша, жолдарды жаңарту кезінде ең алдымен тұрғындар үшін маңызды бағыттарға басымдық берілуде. Атап айтқанда, мектептерге, медициналық мекемелерге және басқа да әлеуметтік нысандарға апаратын көшелер мен көлік қозғалысы қарқынды жол учаскелері назарға алынған.
«Жол инфрақұрылымын дамыту – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан жөндеу жұмыстарында халық күнделікті пайдаланатын жолдарға және әлеуметтік нысандарға апаратын көшелерге ерекше көңіл бөлініп отыр», – деді аудан әкімі Нұрлан Ертас.
Жолдардың сапасын жақсарту ауыл тұрғындарының аудан орталығына және елді мекендер арасындағы қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де ықпал етеді.
Сонымен қатар жаңартылған жол инфрақұрылымы ауылдық аумақтардың экономикалық белсенділігін арттырып, кәсіпкерліктің дамуына және әлеуметтік қызметтердің қолжетімді болуына мүмкіндік береді.
Ауданда автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады. Жоспарланған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда, биыл 60 шақырымнан астам жолдың сапасы жақсарады.





