Бүгінде Талғар ауданында 9 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан бері ауданда 259 азамат баспаналы болса, тағы 72 отбасы бюджет қаражаты есебінен жеңілдетілген несиелік тұрғын үйге қол жеткізген. Салтанатты шарада облыс әкімі Шыңғыс Әрінов жаңа қоныс иелерін құттықтап, тұрғын үй мәселесін шешу өңірдегі маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі екенін атап өтті.
«Өз шаңырағының астында бала-шағаның шаттығына бөленіп, жақындарының ортасында алаңсыз ғұмыр кешу адамның ең үлкен бақыты. Сондықтан халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстың жүгі де ауыр екенін жақсы түсінеміз. Азаматтардың уақытылы баспаналы болуы бізге жүктелген үлкен жауапкершілік деп білеміз. Сол себепті бұл жұмысты бір сәтке де бәсеңдетпейміз», – деді өңір басшысы.
Жаңа пәтер иелерінің бірі – үш баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Жанна Құрманбекова. Медицина саласында еңбек ететін тұрғын баспана кезегінде 20 жыл тұрғанын айтып, қуанышымен бөлісті.
«Бүгін көптен күткен баспанаға қол жеткізіп, қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Бұл сәтті 20 жыл бойы күттік. Баспанамыздың ішін аралап, көрдік. Екі бөлмелі пәтер кең әрі әдемі. Сапасы толық көңілімізден шықты. Өзім медицина саласында қызмет етемін. Үш баланы тәрбиелеп отырған анамын. Осындай мүмкіндік сыйлаған облыс, аудан әкімдігіне алғыс айтамын», – деді ол.
Талғар ауданында тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.





