Өңірде 211 мың отбасы көмекке мұқтаж. Бұл туралы «Аманат» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында белгілі болды.
Жиында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова халықтың әлеуметтік статусы туралы цифрлық картаны таныстырды. Осы салаға қатысы бар қоғам белсенділері мәселені жүйелі реттеу керек екендігін сөз етті.
«6 млн 700 мың отбасының жартысына көмек керек. 1 млн 145 мың отбасы дағдарыста. 625 мың аз қамтылған отбасы тұрады, 97 мың ерекше қажеттіліктегі бала бар. Сонымен қатар әлеуметтік кодексте өзекті мәселелерге тиісті механизмдерді көреміз деп үміттенеміз», — деп мәлімдеді республикалық отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің төрайымы Динара Зәкиева.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі әзірге цифрлық құжаттардың дайындалып жатқанын айтты. Мемлекеттен кімнің қандай көмек ала алатындығы нақтылануда. Әлеуметтік кодекс жобасы аясында салаға қатысты барлық заң бір кодекске біріктірілуі мүмкін. Құжат биыл күзде Парламенттің қарауына жіберіледі.
«Жаңа әлеуметтік кодекстегі ең негізгі мәселе осы Қазақстан отбасыларының барлық базалық жағдайын жасау мәселесінен басталу керек. Мемлекет басшысы елдің адамының мәселесін бірінші орынға шығарады», — деді министр.