Өңірдегі ауқымды жобалардың бірі – «ALATAU GREEN PRODUCTION» заманауи жылыжай кешені. Құны 17,3 млрд теңге болатын кәсіпорын жылына 4 мың тоннаға дейін көкөніс өндіруге мүмкіндік береді.
Жылыжай кешені 16 гектар аумаққа орналасқан. Жоба аясында әрқайсысы 4 гектардан тұратын қысқы және жазғы жылыжайлар салынып, көшет өсіруге және салат дақылдарын өндіруге арналған арнайы бөлімшелер жабдықталады.
Кешеннің басты ерекшеліктерінің бірі – көкөніс пен жеміс-жидекті сақтауға арналған ірі қойма. Жалпы аумағы 9 177 шаршы метр болатын нысанда 6 мың тонна көкөністі ұзақ мерзімге және 720 тонна жемісті қысқа мерзімге сақтауға жағдай жасалады. Бұл жиналған өнімнің сапасын сақтап, оны нарыққа кезең-кезеңімен жеткізуге мүмкіндік бермек.
Қазіргі уақытта жылыжай кешенінің құрылыс жұмыстары шамамен 80 пайызға аяқталған. Төрт гектар аумақта шыны жылыжайлар тұрғызылып, жерасты инженерлік коммуникацияларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорынды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Ауданда жүзеге асырылып жатқан екінші ірі жоба – «Қайрат» индустриялық аймағындағы көпфункционалды өндірістік-логистикалық кешен. Оны «СТРОЙИНВЕСТ – TS» ЖШС салып жатыр. Жобаның жалпы құны 2 млрд теңгені құрайды.
Кешен құрылысына 18,45 гектар жер бөлінген. Мұнда астық өнімдерін қабылдауға, сақтауға және тасымалдауға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптастырылуда.
Жоба аясында жалпы сыйымдылығы 10 мың тонна болатын астық сақтау силостары қарастырылған. Кешеннің жылдық өнім жөнелту қуаттылығы 200 мың тоннаға дейін жетеді.
Қазіргі уақытта нысанның теміржол инфрақұрылымы толық аяқталған. Газ желілерін тартудың соңғы жұмыстары жүргізіліп, негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін 61 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Жаңа логистикалық орталық астық өнімдерін сақтау және тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейтіп, ауыл
Талғар ауданында жүзеге асырылып жатқан екі жобаның жалпы инвестициялық құны 19,3 млрд теңгеге жетеді. Оның басым бөлігі заманауи жылыжай шаруашылығын дамытуға бағытталған.
Жобалар іске қосылғаннан кейін ауданда көкөніс өндіру және сақтау қуаттылығы артып, астық өнімдерін тасымалдауға арналған логистикалық инфрақұрылым кеңейеді.
Сонымен қатар жаңа кәсіпорындардың ашылуы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және ауданның экономикалық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, Талғар ауданындағы инвестициялық жобалар Алматы облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруден бастап, оларды сақтау мен тасымалдауға дейінгі инфрақұрылымды дамытуға серпін бермек.





