Іле ауданы прокуратурасының мәліметінше, мәселенің түп-төркіні 2014 жылдан басталады. Сол жылы аудан орталығы Өтеген батыр ауылында 63 гектар жер 664 жеке учаскеге бөлініп, тұрғын үй құрылысына берілген. Кейін аталған аумақта «Жаңа Әлем» тұрғын алабы қалыптасқан.
Алайда тұрғын үйлер салынғанымен, көшелердің инфрақұрылымын дамыту мәселесі шешілмей келген. Бұған бұрынғы жер пайдаланушының жолдар мен қоғамдық инфрақұрылымға қажетті аумақтарға жеке меншік құқығының болуы кедергі келтірген.
Соның салдарынан жергілікті әкімдік көшелерге асфальт төсеп, жаяу жүргіншілер жолдарын салу және сыртқы жарықтандыру жүйесін орнату жұмыстарын жүргізе алмаған.
Он жылдан астам уақытқа созылған жағдай «Жаңа Әлем» тұрғын алабындағы 1500-ден астам адамның күнделікті тұрмысына әсер еткен.
Жол инфрақұрылымының болмауы тұрғындардың қатынауына қиындық туғызып қана қоймай, жедел жәрдем, өрт сөндіру және өзге де шұғыл қызметтердің шақырту орнына уақытылы жетуіне кедергі келтірген.
Ал көшелердің жарықтандырылмауы мен аумақтың абаттандырылмауы тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты қосымша мәселелер туындатқан.
Қалыптасқан жағдайды зерделеген Іле ауданының прокуратурасы тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында сотқа жүгінген.
«Бұл жағдай тұрғындарға қолайсыздық туғызып қана қоймай, жедел қызметтердің оқиға орнына уақытылы жетуіне де кедергі келтірген. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың орын алуына алғышарттар жасалған. Тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында Іле ауданының прокуратурасы сотқа жүгінді. Сот шешімімен меншік иесі 20 гектар жерді мемлекет меншігіне берді», – деп хабарлады Алматы облысының прокуратурасы.
Сот шешімінің нәтижесінде 20 гектар жердің мемлекет меншігіне берілуі ұзақ жылдар бойы шешілмеген инфрақұрылымдық мәселені реттеуге жол ашты.
Енді жергілікті атқарушы органдар аталған аумақта автомобиль жолдарын салу, тротуарлар жүргізу, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру жобаларын жүзеге асыра алады.
Бұл, әсіресе, тұрғын алабындағы көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шұғыл қызметтердің кедергісіз қатынауы үшін маңызды.
Дегенмен жол құрылысының нақты қашан басталатыны, оған қанша қаражат бөлінетіні және жұмыстардың аяқталу мерзімі әзірге хабарланған жоқ.
Осылайша, прокуратураның араласуымен Өтеген батыр ауылындағы «Жаңа Әлем» тұрғын алабының 1500-ден астам тұрғынын алаңдатқан мәселенің құқықтық кедергісі жойылды. Ендігі міндет – жергілікті атқарушы органдардың жол және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жобаларын іске асыруы.





