Компания мәліметінше, тарифті қайта қарауға электр энергиясын сатып алу құнының өсуі себеп болған. Атап айтқанда, 2026 жылғы 15 шілдеден бастап Бірыңғай сатып алушы – «ЖЭК жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС-нен сатып алынатын электр энергиясының бағасы айтарлықтай қымбаттаған.
Бұған дейін электр энергиясының сатып алу құны 1 кВт/сағат үшін 13 теңгені құраса, енді ол 16 теңгеге дейін өскен. Яғни өсім 23 пайыз болып отыр.
Осы өзгерістерге байланысты 2026 жылғы 20 тамыздан бастап электр энергиясының шекті бағасын қосылған құн салығын (ҚҚС) есептемегенде 39,36 теңге/кВт/сағат деңгейінде бекіту ұсынылған.
Ұсынылып отырған жаңа тариф қазіргі қолданыстағы шекті бағадан 16 пайызға жоғары.
Тарифтің түпкілікті мөлшері Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті тиісті рәсімдерді қарағаннан кейін белгілі болады.





