Жиында қала мен облысқа ортақ инфрақұрылымдық мәселелер, соның ішінде елді мекендерді газдандыру, көлік жүйесін дамыту және жаңа мектептер салу жайы қаралды.
Кеңестегі негізгі мәселелердің бірі Қарасай, Іле және Талғар аудандарының тұрғындарын табиғи газбен қамту болды. Қатысушылар магистральдық желілерді салумен қатар, тұрғын үйлерді газбен жабдықтау жүйесіне қосу жұмыстарын да жеделдету қажеттігін атап өтті.
Осы мақсатта Алматы облысының әкімдігі тұрғындар үшін қолайлы қаржыландыру тетіктерін әзірлеп, елді мекендер ішіндегі газ желілерінің құрылысын жеделдетуді және қажетті рәсімдерді жеңілдетуді жоспарлап отыр.
Отырыста Түрксіб ауданындағы бес көмір базасын көшіру мәселесі де талқыланды. Мәліметке сәйкес, Алматы қаласында сатылатын көмірдің шамамен 85 пайызын агломерация аумағында тұратын тұрғындар тұтынады. Бұл жағдай қаланың көлік және инженерлік инфрақұрылымына қосымша салмақ түсіріп отыр.
Жиында Алматы қаласының шекарасынан Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейінгі радиалды жолдарды ұзарту мәселесіне ерекше назар аударылды. Жоба Алматы қаласының бюджеті есебінен жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жер телімдерін сатып алу және жобалық құжаттаманы жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Абай және Рысқұлов даңғылдарын, сондай-ақ Саин көшесін ұзарту арқылы Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына шығатын бағыттарды қысқа мерзімде қамтамасыз етуді тапсырды.
«Бұл – басым міндеттердің бірі. Қолданыстағы жолдарға түсетін жүктемені азайтып, транзиттік көліктің қала аумағын айналып өтуін қамтамасыз етуіміз және автокөліктің қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін төмендетуіміз қажет. Қажетті қаржы бөлінген, жұмыс көлемі айқындалған. Салалық басқармалар жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.
Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев агломерация халқының саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, әсіресе Алатау қаласында, Қарасай, Іле және Талғар аудандарындағы жаңа тұрғын алаптары қарқынды дамып келеді.
Осыған байланысты мектеп салуға арналған жер учаскелерін алдын ала белгілеу, қажетті инженерлік инфрақұрылымды тарту және құрылыс жұмыстарын уақытылы бастау маңызды.
«Қала маңындағы жолаушылар тасымалы Алматы агломерациясы тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі болып қала береді. Күн сайын облыстың ондаған мың тұрғыны Алматыға қатынайды. Сондықтан қоғамдық көліктің қолжетімділігін қамтамасыз ету, маршруттар желісін оңтайландыру және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру – негізгі міндеттердің бірі. Біздің мақсатымыз – әкімшілік шекараларға қарамастан, агломерация тұрғындары үшін бірыңғай, қолайлы әрі тиімді көлік жүйесін қалыптастыру», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Кеңес қорытындысында Алматы қаласы мен облысының жауапты басқармаларына газдандыру, жол құрылысы, қоғамдық көлік және әлеуметтік инфрақұрылым бағытындағы жобаларды өзара үйлестіріп, белгіленген мерзімде іске асыру тапсырылды.





