Алдын ала мәлімет бойынша, апат кешкі уақытта тіркелген. Соқтығыс салдарынан зардап шеккендердің бірі алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болса, екінші азамат ауыр жағдайда медициналық мекемеге жеткізілген.
Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаменті аталған ақпаратты растап, қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында Алакөл аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.
Құтқарушылардың айтуынша, қолданыстағы талаптарға сәйкес навигациялық шамдармен жабдықталмаған шағын көлемді су көліктерін қараңғы уақытта пайдалануға тыйым салынған. Осыған байланысты мамандар демалушыларды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Ведомство шілде айының басынан бері төтенше жағдайлар қызметінің мамандары судағы қауіпсіздік ережелері мен шағын көлемді кемелерді пайдалану талаптарын бұзу фактілері бойынша 108 әкімшілік хаттама толтырған.
Ауруханаға жеткізілген ер адамға жабық бассүйек-ми жарақаты, ми шайқалуы, мұрын сүйегінің сынуы және маңдай тұсындағы жыртылып-соғылған жарақаты диагнозы қойылған.
Дәрігерлер науқастың бас миы мен мойын омыртқасына компьютерлік томография жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша бассүйек пен мойын омыртқасында сүйек зақымдары анықталмаған.
Қазіргі уақытта зардап шеккен азамат қосымша тексеруден өтіп, қажетті ем қабылдау үшін травматология бөліміне жатқызылды. Оның жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында.





