Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Кеген ауданындағы Сәдуақас Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясында және Еңбекшіқазақ ауданындағы Жүнісбай Қаипов атындағы орта мектепте «Ауылдық жерлерде тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы жүзеге асырылды. Жоба шеңберінде мектептердің инфрақұрылымы жаңартылып, ұстаздардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге арналған бағдарламалар іске қосылды. Бұл ауылдық мектептердің мүмкіндігін арттырып, қала мен ауыл арасындағы білім сапасын теңестіруге мүмкіндік бермек.
«Білім беру инфрақұрылымын жаңғырту – балаларымыздың жарқын болашағына жасалған инвестиция. Президенттің тапсырмасына сәйкес біз оқушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, ұстаздардың кәсіби дамуына да жол ашып отырмыз. Осы игілікті іске үлес қосқан Күләш Ноғатайқызына және «Қазақстан халқына» қорына алғысымды білдіремін», – деді облыс әкімі.
Жаңғыртылған мектептерде жаңа оқу кабинеттері, кітапханалар мен зертханалар ашылып, білім алушылардың ынтасын арттыратын жағдай жасалды. Тамыз кеңесінде де айтылғандай, мұндай бастамалар өңірдегі білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадам болып отыр.





