Қонаев қаласында Білім күніне орай А. Жұбанов атындағы №5 орта мектеп күрделі жөндеуден кейін қайта пайдалануға берілді. Білім ошағының ашылу салтанатына Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марат Тұрсын қатысып, оқушылар мен ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтады.
Мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары облыстық бюджет қаражаты есебінен бір жыл бойы жүргізілді. Жөндеу барысында білім ошағының негізгі инфрақұрылымы толық жаңартылды. Атап айтқанда, акт залы, асхана, оқу кабинеттері мен спорт залы жаңғыртылып, стадион абаттандырылды. Ғимараттың қасбеті заманауи үлгіде жаңартылып, мектеп ауласы көгалдандырылды.
Жаңарған мектепте биыл 1713 оқушы білім алады. Оқу процесі екі ауысымда ұйымдастырылады.
Білім күні Қонаев қаласы үшін тағы бір маңызды оқиғамен ерекшеленді. Педагог Дания Қоспаева Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.
Марапатты Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев салтанатты түрде табыстады.
Ұстазды құттықтаған Қонаев қалалық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманалиева оның еңбегін жоғары бағалады.
«Бұл жоғары марапат – Дания Қайыпбековнаның көпжылдық адал еңбегінің, кәсіби шеберлігінің, мемлекеттік тіл мен ұлттық әдебиетті дәріптеуге және жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан сүбелі үлесінің лайықты бағасы» – деді Мөлдір Құрманалиева.
Айта кетейік, бүгінде Қонаев қаласында 17 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 14-і – мемлекеттік мектеп. Қала мектептерінде жалпы 13 724 оқушы білім алады. Биыл 1414 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.





