Қайырымдылыққа бағытталған шара Қонаев қалалық ауруханасы базасында өтті.
Қайырымдылық пен адамгершілік – қоғамның басты құндылықтарының бірі. Осы бағытта өткізілген донорлық акция кезекті рет көпшіліктің қолдауына ие болды. Іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, мекеме қызметкерлері және белсенді азаматтар қатысып, ерікті түрде қан тапсырды.
Қан – адам ағзасының тіршілік көзі. Оны мұқтаж жандарға ерікті түрде тапсыру – шынайы жанашырлықтың, азаматтық жауапкершіліктің және жоғары адамгершіліктің айқын көрінісі. Бүгінде донорлық қанға деген қажеттілік жыл сайын артып келеді. Жол-көлік оқиғалары, күрделі операциялар, босану кезіндегі асқынулар мен түрлі ауыр сырқаттар қан қорының тұрақты толықтырылуын талап етеді.
Мамандардың айтуынша, бір донор тапсырған қан бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Қан тапсыру рәсімі толықтай қауіпсіз және арнайы медициналық бақылаумен жүргізіледі. Донор болуға ниетті азамат алдымен медициналық тексеруден өтеді.
Сонымен қатар, тұрақты түрде қан тапсыру донордың өз денсаулығына да оң әсер етеді. Бұл қан айналымын жақсартып, ағзаның жаңару процесін белсендіреді. Ең бастысы – әр адам өз ісі арқылы біреудің өміріне үміт сыйлай алатынын сезінеді.
Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан қан тапсыру – тек медициналық шара ғана емес, ол үлкен жүректің және биік адамгершіліктің көрінісі. Қайырымдылық сөзбен емес, іспен дәлелденеді. Осындай игі бастамалар қоғамда мейірім мен жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға негіз болады.





