Жаңа білім ошақтары заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда робототехника, лингвистика, дизайн және графика кабинеттері, кітапханалар, спорт және акт залдары бар. Өткен жылы облыста 9 мектеп іске қосылса, алдағы жылдары тағы 26 жаңа білім ордасы салынбақ.
Облыстағы мектеп құрылысы ең алдымен үш ауысымды білім беру мәселесін шешуге бағытталған. 2022–2025 жылдары бұл мақсатта 43 мектеп салынды. Олардың жалпы сыйымдылығы 43 525 орынға жетті. Соның нәтижесінде үш ауысымды оқыту біртіндеп азайып келеді: 52 мектептен 26-ға қысқарды. Жаңа кешендер халық тығыз орналасқан аймақтардағы жүктемені азайтып, мыңдаған оқушыға қолайлы жағдай туғызуда.
Айрықша назар Талғар ауданының Төңкеріс ауылына ауды. Мұнда 600 орындық жаңа «Келешек мектебі» есігін айқара ашты. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев:
– Бүгін Төңкеріс ауылының балалары толық жабдықталған жаңа мектепте оқу жылын бастайды. Балаларымыз сапалы білім алып, үлкен жетістіктерге жететініне сенімдімін, – деді.
Жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы өтті. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған 60 948 балаға 2,8 млрд теңгеден астам көмек көрсетілді. Бұл – әр балаға орта есеппен 46 228 теңге көлемінде қолдау деген сөз. Көмек көлемі үш жылда 2,5 есеге артты.
Сонымен қатар мереке күні аймақ басшысы Қонаев қаласындағы ерекше әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалар орталығына барды. Мұнда тәрбиеленіп жатқан 24 баланың бір бөлігі биыл колледжге түссе, қалғандары қала мектептерінде оқуларын жалғастыруда. Әкім олардың толыққанды дамуына жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
Жалпы Алматы облысында жаңа оқу жылында 491 мектеп есігін ашты. Оларда 362 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде 35,5 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Яғни, облыстағы әр оныншы оқушы – биылғы бірінші сыныптың шәкірті. Бұл көрсеткіш өңірде бала санының тұрақты өсімін дәлелдейді.





