Аталған қаржы әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып жүрген кәсіпкерлерге бағытталған. Атап айтқанда, әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамтып отырған, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қызметтер мен арнайы тауарлар өндіретін және қоғамға пайдалы өзге де бастамаларды іске асыратын кәсіпкерлер грантқа қатыса алады.
Бағдарлама аясында бір жобаға берілетін ең жоғары қаржы көлемі – 5 миллион теңге. Грантқа үміткерлер міндетті түрде әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің арнайы тізіміне тіркелуі тиіс. Өтінімдер KEZEKTE.KZ ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады.
Басқарма мәліметінше, өткен жылы өңірде 28 жобаға 140 миллион теңге бөлінген. Мамандар мұндай қолдау жаңа бизнес бастамалардың жүзеге асуына және жастардың кәсіпкерлікке қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Райымбек Иембердінің айтуынша, құжат қабылдау мерзімі 1–15 наурыз аралығында өтеді.
«Осы уақыт аралығында әлеуметтік кәсіпкерлік реестріне тіркелу үшін құжаттар қабылданады. Кәсіпкерлерді Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына келіп, құжаттарын қолма-қол тапсыруға шақырамыз. Реестрге тіркелу арқылы грант иегері атануға үлкен мүмкіндік бар», – деді ол.





