Бақытжан Мәметжанұлы 1976 жылы дүниеге келген. Ол 1998 жылы Алматы технологиялық институтын «инженер-технолог», 2002 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «қаржы және несие», 2009 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «құқықтану», ал 2024 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін «экология» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2001 жылы «Қаратал-Мұнай» серіктестігінде бөлім бастығы қызметінен бастаған. Кейін Қапшағай қаласы, Қарасай және Талғар аудандарында қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыс істеді. Сондай-ақ Балқаш-Алакөл экология департаментінде инспектор, бас маман, бөлім басшысы болып еңбек етті.
Одан бөлек, «Жетісу-Энерготрейд» серіктестігі мен «ТАТЭК» компаниясының құрылымдарында, Қарағанды және Қостанай облыстарының экология департаменттерінде басшылық қызметтер атқарды. Талғар ауданы мен Қонаев қаласы әкімдіктерінде де түрлі жауапты лауазымдарда жұмыс істеген.
2022 жылдың қарашасынан бері Алматы облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.





