Турнир тарихында алғаш рет үш мемлекет бірлесіп қабылдап отырған мундиаль аясында Солтүстік Американың 16 қаласында жалпы саны 104 матч ұйымдастырылады.
Салтанатты шара әлемдік шоу-бизнес жұлдыздарының қатысуымен өтті. Чемпионаттың ресми әнұраны – «Dai Dai» композициясын колумбиялық әнші Шакира мен нигериялық орындаушы Burna Boy орындады. Концерттік бағдарламада сондай-ақ атақты тенор Андреа Бочелли, француз диджейі David Guetta, EJAE және мексикалық Maná рок тобы өнер көрсетті. Ашылу рәсімінде мексикалық-америкалық актриса Сальма Хайек сөз сөйлеп, жанкүйерлерді айтулы спорт мерекесімен құттықтады.
Мерекелік шарадан кейін турнирдің алғашқы матчы өтті. А тобы аясындағы кездесуде Мексика құрамасы Оңтүстік Африка Республикасының командасын 2:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионатындағы алғашқы үш ұпайын еншіледі.
Кездесу Латын Америкасындағы ең ірі футбол ареналарының бірі саналатын «Ацтека» стадионында өтті. Арена бір мезетте 87,5 мың жанкүйерді қабылдай алады.
Ұйымдастырушылар әлем чемпионаты аясында барлығы үш ресми ашылу рәсімі өтетінін мәлімдеді. Қалған екі шара Торонто мен Лос-Анджелесте ұйымдастырылады. Сол күндері турнир қожайындарының екеуі де алғашқы матчтарын өткізеді: Канада құрамасы Босния және Герцеговинамен кездессе, АҚШ құрамасы Парагвайға қарсы ойнайды.
2026 жылғы әлем чемпионаты футбол тарихындағы ең қымбат мундиаль ретінде тарихқа енді. Биылғы турнирге рекордтық көрсеткіш – 48 ұлттық құрама қатысып жатыр. Бұл әлем чемпионаттары тарихындағы ең көп қатысушы саны болып саналады.
Командалар санының артуы бірнеше елге тарихи мүмкіндік сыйлады. Өзбекстан, Иордания, Кабо-Верде және Кюрасао құрамалары алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Ал төрт дүркін әлем чемпионы Италия құрамасы қатарынан үшінші рет әлем біріншілігіне қатыса алмай қалды.
Турнирдің финалдық кездесуі 19 шілде күні АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы MetLife стадионында өтеді.





