Райымбек ауданы экономикасының негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы. Қазіргі уақытта салаға инвестиция тарту және ғылыми тәсілдерді енгізуге бағытталған бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр.
Қақпақ ауылдық округінде бес мал бордақылау алаңының құрылысы басталды. Сонымен қатар Алатау қаласында салынып жатқан PepsiCo зауытына қажетті картопты Нарынқол өңірінде өсіру жоспарланған.
Ғылыми-зерттеу институты мамандарының қолдауымен «Тәуекел» шаруа қожалығы 80 гектарға арпаның, тағы 80 гектарға бидайдың элиталық тұқымдарын сепкен. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен мал тұқымын асылдандыру бойынша меморандум жасалып, шаруа қожалықтарына ғылыми-тәжірибелік қолдау көрсетілуде.
Облыс әкімі агроөнеркәсіптік кешен өңір экономикасының негізгі драйверлерінің бірі екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі бойынша Алматы облысы республикада екінші орында.
Қазір облыстағы суармалы жерлердің 41,2 пайызына су үнемдеу технологиялары енгізілген. Соның нәтижесінде шаруалар су шығынын 40–50 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік алған.
Хан Тәңірі маңында 300-ден астам киіз үй тігілген
Соңғы жылдары Райымбек ауданында туризм де белсенді дамып келеді. Қазіргі уақытта Хан Тәңірі етегінде 300-ден астам киіз үй туристерге қызмет көрсетуде.
Ауыл тұрғындарын туристік қызметке тарту мақсатында қонақ үйлерін ашу бойынша бір жарым айлық оқыту жүргізілген. Нәтижесінде Қарасаз, Сарыжаз, Жамбыл және Қақпақ ауылдарында 17 қонақжай жұмысын бастаған.
Жыл басынан бері Алматы облысына келген туристер саны 1,8 млн адамға жеткен. Марат Сұлтанғазиев Райымбек ауданында экологиялық, этно және агротуризмді дамытуға мүмкіндік мол екенін атап өтті.
«Бұл бағыт ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өнімдерді нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Ендігі міндет – осындай жобалардың санын көбейтіп қана қоймай, олардың қызмет сапасын арттыру», – деді облыс әкімі.
Нарынқолда жаңа емхана салынды
Ауданда бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Қайнар ауылында спорт кешенінің құрылысы жүріп жатса, Нарынқолда бір ауысымда 250 адам қабылдайтын жаңа емхана салынып бітті. Қазір медициналық мекемені қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар ауданда 260 тұрғын үй салынып жатыр. Республикалық маңызы бар «Кеген – Нарынқол» автомобиль жолы жөнделуде. Жол жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Жалпы облыс бойынша биыл 1 млн 81 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Қазір оның 909,8 мың шаршы метрі пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы облысы республикада үшінші орында.
Білім беру саласында жеті жаңа нысан салынып, 13 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Денсаулық сақтау саласында тағы үш медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде.
Райымбек ауданына 4,5 млрд теңге инвестиция тартылды
Марат Сұлтанғазиев облыстың негізгі экономикалық көрсеткіштеріне де тоқталды. Биылғы бірінші тоқсанда өңірлік өнім көлемі 6,8 пайызға өскен. Жыл қорытындысында жалпы өңірлік өнім көлемін 7,4 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Биыл Алматы облысына 664,8 млрд теңге инвестиция тартылса, оның 4,5 млрд теңгесі Райымбек ауданына тиесілі. Облыс әкімі ауданның жалпы инвестиция көлеміндегі үлесі әлі де төмен екенін атап өтті.
Осыған байланысты аудан әкіміне жаңа инвесторлар тарту, кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды жақсарту және кәсіби кадрлар даярлау бағытындағы жұмыстарды күшейту тапсырылды.
Өңірдің көлік-логистикалық әлеуеті де артып келеді. Соңғы төрт жылда облыстағы логистикалық қоймалар саны 43-ке жетіп, олардың жалпы аумағы 334 мың шаршы метрді құрады.
Байынқолдағы туристерге рұқсат алу жеңілдетілуі мүмкін
Кездесуде тұрғындар ауданның бірқатар өзекті мәселесін көтерді. Байынқол шекаралық аймағында туристік нысан ашқан кәсіпкер шекаралық аумаққа кіруге рұқсат алу ұзақ уақытты қажет ететінін айтты. Соның салдарынан кейбір туристер қажетті құжаттарын уақытында рәсімдей алмай, кері қайтуға мәжбүр болады.
Марат Сұлтанғазиев Туризм басқармасы мен Шекара қызметіне құжаттарды рәсімдеу мерзімін қысқарту мүмкіндігін қарастыруды және туроператорлармен тікелей жұмыс істеудің тиімді тетіктерін зерделеуді тапсырды.
5300 гектар суармалы жерге қатысты мәселе көтерілді
Тұрғындар Байынқол өзенінің жаз мезгілінде тасып, лайлануы салдарынан 5300 гектар суармалы жердің эрозияға ұшырап жатқанын да жеткізді.
Мәселені шешу үшін Қаратоған ауылы маңындағы Ақкөл өзенінің суын Үкірші каналына қосып, тоспа салу ұсынылды. Облыс әкімі аталған жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тапсырды.
Кеген мен Райымбекке газ тарту жобасы Үкіметте қаралуда
Газбен қамтамасыз ету де аудан тұрғындары көтерген негізгі мәселелердің бірі болды.
Кеген және Райымбек аудандарын газдандыру үшін «Шелек – Кеген – Нарынқол» магистральдық газ құбырын салу жобасы әзірленген. Құбырдың жалпы ұзындығы 238 шақырымды, жобаның құны 39,5 млрд теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта жобаны қаржыландыру мәселесі Үкімет деңгейінде қаралып жатыр.
Кездесуден кейін Марат Сұлтанғазиев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Азаматтар банк бөлімшесін және спорт кешенін ашу, газ және электр желілері, білім беру, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау мәселелерін көтерді.
Облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдар мен аудан басшылығына тұрғындар айтқан мәселелерді жан-жақты зерделеп, оларды шешу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.





