Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда медиа саласын реттейтін заңнама жаңартылып, журналистердің құқықтық мәртебесі күшейтілді. Сонымен қатар ақпарат таратудағы жауапкершілік талаптары да едәуір артты.
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қалай пайда болды?
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілді.
Мемлекет басшысы әр жылдары сөйлеген сөздерінде журналистиканың қоғамдағы орнына ерекше тоқталып, бұқаралық ақпарат құралдарын халықтың үні, ал журналистерді мемлекет пен қоғам арасындағы маңызды байланыс құралы ретінде бағалап келеді.
Қазіргі таңда ақпарат тарату жылдамдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың ықпалы күшейіп, ақпарат кеңістігінде кәсіби журналистиканың жауапкершілігі арта түсті.
Медиа саласын реттейтін заңдар жаңартылды
Қазақстанда соңғы жылдары ақпарат кеңістігін дамытуға бағытталған бірқатар маңызды заң қабылданды.
2023 жылы күшіне енген «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң интернет-платформалар мен цифрлық жарнаманы құқықтық реттеудің негізін қалады.
Ал 2024 жылы қабылданған «Масс-медиа туралы» заң ақпарат саласындағы негізгі құқықтық құжатқа айналды.
Бұл заңның басты ерекшелігі – алғаш рет «масс-медиа» ұғымының кеңейтілуі. Енді дәстүрлі газет-журналдар мен телеарналар ғана емес, интернет-басылымдар, ақпараттық агенттіктер және цифрлық платформалар да масс-медиа санатына енгізілді.
Журналистің ерекше мәртебесі заңмен бекітілді
«Масс-медиа туралы» заңдағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – журналистің ерекше құқықтық мәртебесінің заң жүзінде бекітілуі.
Бұл норма журналистің кәсіби қызметін жүзеге асыруына құқықтық кепілдік береді.
Заңға сәйкес журналист:
- мемлекеттік органдарға ақпараттық сұрау жолдауға;
- мемлекеттік мекемелерге кіруге;
- лауазымды тұлғалардың қабылдауында болуға;
- фото және бейнетүсірілім жасауға;
- қоғамдық маңызы бар іс-шараларда кәсіби қызметін еркін атқаруға құқылы.
Тағы бір маңызды өзгеріс – мемлекеттік органдардың журналистік сауалдарға жауап беру мерзімі қысқартылды.
Бұрын редакциялық сауалдарға жеті жұмыс күні ішінде жауап берілсе, қазір бұл мерзім бес жұмыс күніне дейін қысқарды.
Құқықпен бірге жауапкершілік те күшейді
Журналистің құқықтары кеңейгенімен, оның кәсіби жауапкершілігі де нақты айқындалды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес журналист:
- ақпараттың шынайылығын тексеруге;
- бірнеше дереккөзге сүйенуге;
- азаматтардың жеке өміріне қол сұқпауға;
- кәсіби әдеп қағидаларын сақтауға;
- жалған ақпарат таратпауға міндетті.
Сонымен қатар журналистің ақпарат көзі мен авторлық құпиясын қорғауға қатысты нормалар заңмен бекітілген.
Қазақстанда 5300-ден астам БАҚ тіркелген
2026 жылғы ресми мәлімет бойынша Қазақстанда 5303 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді.
Олардың ішінде:
- 3181 мерзімді басылым;
- 253 телеарна;
- 97 радиостанция;
- 1457 ақпараттық агенттік пен желілік басылым бар.
Бұл көрсеткіш елде цифрлық медианың қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.
Мемлекет журналистерді қалай қолдап жатыр?
Соңғы жылдары журналистерді әлеуметтік қолдау бағытында да бірқатар бастама жүзеге асырылды.
Президент тапсырмасымен үшінші жыл қатарынан БАҚ қызметкерлеріне тұрғын үй беру бағдарламасы іске асырылып келеді.
Бағдарлама нәтижесінде:
- 2023 жылы – 65 маман;
- 2024 жылы – 68 маман;
- 2025 жылы – 66 медиа қызметкері баспаналы болды.
Бағдарлама журналистермен қатар операторлар, режиссерлер, инженерлік-техникалық қызметкерлер секілді медиа саласының басқа да мамандарын қамтиды.
Сонымен бірге кәсіби мереке қарсаңында журналистерге Президенттің Алғыс хаттары, мемлекеттік наградалар мен гранттар табысталады.
Саланы дамыту мақсатында «Үркер» ұлттық сыйлығы, телевизия саласындағы «Тұмар» ұлттық сыйлығы, Astana Media Week және Орталық Азия медиафорумы сияқты кәсіби алаңдар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Сенім – кәсіби журналистиканың басты капиталы
Ақпарат ағыны еселеп артқан бүгінгі цифрлық дәуірде журналистиканың алдында жаңа міндеттер тұр.
Фейк ақпараттың көбеюі, ақпараттық манипуляциялар мен түрлі цифрлық қауіптер жағдайында қоғамның кәсіби журналистикаға деген сұранысы бұрынғыдан да жоғары.
Бүгінгі журналист үшін жаңалықты бірінші болып жариялау жеткіліксіз. Ең бастысы – оның дәлдігіне, шынайылығына және қоғам алдындағы жауапкершілігіне кепіл болу.
Себебі журналистика – тек сөз еркіндігі емес, қоғамдық сенімге негізделген үлкен жауапкершілік. Ал кәсіби әрі сапалы медиа – қоғам тұрақтылығы мен ашық ақпараттық кеңістіктің маңызды тіректерінің бірі болып қала береді.





