Қазақстанға келетін саяхатшылар үшін Neo Nomad деп аталатын жаңа виза түрі енгізілді, деп хабарлайды alataunews.kz.
Бұл виза заманауи көшпелілерге – саяхаттап, қашықтан жұмыс істейтін шетелдік мамандарға арналған. Жаңа визалық режим пандемиядан кейін осындай бағдарламаларды сәтті енгізген 50-ден астам елдің тәжірибесін негізге ала отырып әзірленді.
Neo Nomad визасын алу үшін үміткер шетелдік азамат Қазақстаннан тыс жерде тұрақты табыс көзі бар екенін растап, оның айлық мөлшері кемінде 3 000 АҚШ долларына тең болуы тиіс. Негізгі табыс талабымен қатар, өтініш беруші медициналық сақтандыру полисі мен соттылығының жоқ екені туралы анықтама ұсынуы қажет.
Бұл виза қашықтан жұмыс істейтін мамандарға – бағдарламалау, маркетинг, қаржы, консалтинг, дизайн және электронды коммерция салаларында қызмет ететін шетелдік азаматтарға арналған. Neo Nomad визасының иелері Қазақстанда бір жылға дейін тұра алады, бұл мерзімде олар өз елдерінің компанияларына жұмыс істей алады. Осы арқылы шетелдік азаматтар Қазақстан мәдениеті мен тұрмысымен жақынырақ танысады, ал ел экономикасына оң әсер береді деп күтілуде.
Виза енгізілген жағдайда жылына 500 адамға дейін осы мүмкіндікті пайдаланса, Қазақстан экономикасына шамамен 3,6 миллиард теңге көлемінде табыс әкеледі деп болжанып отыр. Neo Nomad визасы бар шетелдік азаматтар Қазақстанда тұрып, қаражатын осында жұмсайтын болады, бірақ бұл отандық еңбек нарығына әсер етпейді.