Бұрынғы әйелін “11 жыл бойы ұрып-соқты“ деп айыпталған Атырау облысы Мақат ауданының бұрынғы әкімі Ринат Ибрагимовқа шыққан сот үкімі өзгерді, деп хабарлайды alataunews.kz.
Апелляциялық сот Атырау қаласының №2 сотының Ибрагимовке қатысты үкімін қайта қарады. Бұған дейін Ибрагимов материалдық тәуелділіктегі адамға орташа ауыр жарақат келтіргені үшін кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығы шектелген болатын. Сондай-ақ, оған жәбірленушіге 2 миллион теңге моральдық шығын төлеу міндеттелген еді.
Апелляциялық саты не шешті?
Іс апелляциялық сотқа жәбірленуші, қорғаушылар және прокурор өтініштері бойынша түсті. Сот алқасы қылмыстың жасалғанын жәбірленушінің жауабы мен сот-медициналық сараптама арқылы дәлелденген деп таныды.
«Сот алқасы Ибрагимовтің әрекетінде материалдық тәуелділік белгісі жоқ деген шешім шығарды. Жәбірленушінің сотталған адамға материалдық тұрғыдан тәуелділігі туралы дәлелдер ұсынылмағандықтан, Ібрагимовтің әрекеті Қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-бөлігіне қайта сараланып, оған 700 АЕК (2 415 000 теңге) айыппұл салынды», – делінген Атырау облыстық сотының хабарламасында.
Оқиғаның өрбуі
Бұған дейін Ақмарал Үмбетқалиева бұрынғы күйеуі, сол кездегі Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимовтің 11 жыл бойы зорлық көрсеткенін айтып, мәлімдеме жасаған болатын. Ибрагимов бұл айыптауларға жауап берген соң, қызметінен өз еркімен кетті. 2024 жылғы маусымда алғашқы сот үкімі шығып, Ибрагимовке екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, жәбірленушіге 2 миллион теңге моральдық шығын өндіру міндеттелген еді.