Жылыту маусымы басталғаннан кейін Алматы облысында өрт және газбен байланысты оқиғалар санының артуы байқалуда. Осыған байланысты Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) тұрғындарды өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жыл басынан бері облыста 613 өрт тіркелсе, оның 379-ы тұрғын үй секторында орын алған, ал оқиғалар салдарынан 14 адам қаза тауып отыр, деп хабарлайды alataunews.kz.
ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Александр Пархоменко азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін ескермеудің қауіптілігін еске салып, әрбір тұрғынның қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін айтты.
Жылыту маусымындағы негізгі қауіптердің бірі — пештерді дұрыс пайдаланбау. Мамандар пештерді қараусыз қалдырмауға, балаларға сеніп тапсырмауға және тұтатқыш ретінде жанғыш сұйықтықтарды қолданбауға кеңес береді.
Сонымен қатар, газбен байланысты оқиғалар да үлкен қауіп төндіруде. Биыл облыс аумағында 7 газ-ауа қоспасының жарылысы тіркеліп, нәтижесінде 5 адам жарақат алып, 1 адам қаза тапты. Бұл жағдайлар, көбінесе, газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбаудан туындайды.
Алматы облысы өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаменті басшысының орынбасары Қанат Есболғанов облыста 21 мыңға жуық мерзімі өткен газ баллондарының әлі де пайдаланылып жүргенін айтып, бұл мәселенің әсіресе ауылдық жерлерде өзекті екенін атап өтті.
ТЖД мамандары тұрғындарға өрттің алдын алу үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтап, газ және пеш жабдықтарын дұрыс қолдану бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін ескертеді.