2024 жылдың 8 қазанында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр үкіметте өткен баспасөз мәслихатында елімізде атом электр стансасын салу жобасы бойынша шешімнің қашан қабылданатынын айтты, деп хабарлайды alataunews.kz.
Склярдың айтуынша, атом электр стансасын консорциум жүзеге асырады, өйткені қауіпсіздік мәселесі басты орынға қойылады.
«Біз әлемде көшбасшы саналатын елдердің озық технологиялары мен жобалық шешімдерін қолдануға мүдделіміз. Бұл жұмыспен арнайы жобалық топ айналысатын болады. Егер қандай да бір саяси тәуекелдер туындаса, келісім-шарттарда санкцияларға қатысты ескертпелер қамтылады», – деді Скляр.
Ол консорциумда бес мемлекеттен артық ел болмайтынын және әртүрлі елдерден келген компаниялар станцияның әрбір нысанын басқаратынын атап өтті. Бұл әлемдік тәжірибеге сәйкес жүргізіледі: ядролық аралды бір мемлекет, турбинаны екінші мемлекет, ал басқа инфрақұрылымдарды үшінші мемлекет жасай алады.
«Біз бір ғана жеткізушіге тәуелді болмаймыз. Мақсатымыз – тиімді жұмыс істейтін консорциум құру,» – деп түсіндірді Премьер-Министрдің орынбасары.
Склярдың айтуынша, мердігер мен жобалаушыны таңдау келесі жылы аяқталады. Құрылыс жұмыстарының техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болғаннан кейін басталады.
2024 жылғы 8 қазанда Орталық сайлау комиссиясы қазақстандықтардың атом электр стансасын салуға қатысты референдум нәтижелерін жариялады. 5,5 миллионнан астам азамат мұндай станцияның салынуын қолдады.