Іле орталық аудандық ауруханасында Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлының бастамасымен С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің білікті мамандары халықты қабылдады. Қабылдауға медицина ғылымдарының кандидаттары, профессорлар және жоғары дәрежелі мамандар қатысты.
Алмат Тұрысбекұлы, Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «С.Д. Асфендияров атындағы медициналық университеттің әріптестері Іле ауданы тұрғындарына кеңес беру көмегін көрсетті. Аудан тұрғындары медициналық көмек алу үшін ешқайда бармай-ақ, осында қолжетімді болғанына қуанышты. Мұндай кеңес беру шаралары бізді халыққа жақын ете түседі және әр адамның денсаулығын сақтау маңызды болып қала береді», – деді.
Осы күні әртүрлі аурулар бойынша есепте тұрған 300-ден астам науқас нейрохирург, нефролог, гастроэнтеролог-гепатолог, эндокринолог, инфекционист, невропатолог, дерматолог және кардиолог мамандарынан тексеруден өтіп, кеңес алды.
Іле орталық аудандық ауруханасының директоры Ысқақ Бауыржан Ербозымұлы: «Бұл мамандарға сұраныс жоғары болды, аудан тұрғындары оларға кеңес алуға мүмкіндік тапты. Бұл халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған белсенді жұмыстың дәлелі», – деп атап өтті.
Шараға қатысқан дәрігер-кардиолог Кеделбаева Кәмилә Маратқызы өз пікірін білдіріп, жүрек-қан тамырлары патологияларын ерте анықтау мен алдын алуға ерекше көңіл бөлуге шақырды және барлық қалаушыларды тексерді.
Жалпы, С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің мамандарының осындай сапарларының санын арттыру жоспарлануда.