Халықаралық қарттар күні қарсаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласының тұрғындары – 81 жастағы Жақабай Жұмағұлұлы мен 79 жастағы жұбайы Айтаңсық Тұрғанбаеваны арнайы барып құттықтады, деп хабарлайды alataunews.kz.
Әкім қарттарды құттықтау барысында, олардың өмір жолы мен еңбегінің маңыздылығына ерекше тоқталып, жастар үшін осындай ардагерлердің өмірі мен отбасылық құндылықтары үлкен үлгі болуы керектігін атап өтті.
«Жас ұрпаққа қарттарымыздың бай тәжірибесі, еңбек жолы мен отбасылық құндылықтары үлгі болуы тиіс. Қоғамда қарттарға деген құрметті арттыру және ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту өте маңызды», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Жақабай Жұмағұлұлының еңбек жолы теміржол саласымен тығыз байланысты. Ол 1960 жылы қарапайым жұмысшы ретінде бастап, зейнетке шыққанға дейін жоғары лауазымдарда қызмет еткен. Оның еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының құрметті теміржолшысы» төсбелгісімен марапатталған.
Айтаңсық Тұрғанбаева ұлағатты ұстаз ретінде танылған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіріп, география пәнінің мұғалімі және мектеп директорының орынбасары қызметтерін атқарып, «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
Қосақтанғанына 60 жыл толған Жақабай ата мен Айтаңсық апай бес бала тәрбиелеп, 14 немере мен 21 шөбереге қамқор болып отыр.
Қарттардың еңбегі мен өмір жолын бағалау – болашақ ұрпақ үшін баға жетпес үлгі.