Шығыс Қазақстан облысындағы екі жолақты автомобиль көпірі, екі облыс пен алты ауданды байланыстыратын стратегиялық нысан, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі, Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады, деп жазады alataunews.kz.
«Бес жыл бұрын, 19 қыркүйекте, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне Бұқтырма су қоймасына көпір салу үшін қаржы бөлуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта көпір құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысан жергілікті тұрғындар үшін көптен күткен жаңалық болмақ, өйткені Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының Марқакөл, Күршім, Катонқарағай және Көкпекті аудандарының тұрғындары 50 жыл бойы жол қиыншылығын бастан кешіріп келді. Жазда паром, қыста мұз үстімен жүру қиындық туғызды. Тіпті, талай адам суға кетіп те жатты. Сондықтан бұл көпірдің маңызы өте жоғары», – деп жазды Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, бұл көпір елдегі ең ұзын көпірлердің бірі болмақ. Екі жолақты автомобиль көпірінің жалпы ұзындығы 1316 метрді құрайды және тәулігіне 80 мың көлікке дейін өткізуге қабілетті. Жоба аясында ұзындығы 18,6 шақырым болатын жаңа автожолдың құрылысы да жоспарланған.
«2019 жылы 18 қыркүйекте «Egemen Qazaqstan» газетінде «Елу жыл бұрынғы ескі паром елді қашанғы әуреге түсіреді?» деген тақырыппен Азамат Қасымның мақаласы жарық көрген болатын. Бұл мақала көпірдің салынуына түрткі болды», – деп жазды Берік Уәли.