Алматы облысында бүгін 4400 бала оқи алатын 4 жаңа мектеп пен бір қосымша ғимарат салтанатты түрде ашылды. Жаңа оқу жылында облыстың 468 мектеп табалдырығын 365 404 оқушы аттады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 173-ке көп. Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа өңірде 35 631 оқушы барады, деп хабарлайды alataunews.kz.
1 қыркүйекте Алматы облысының Қарасай ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған Қошмамбет ауылында 1200 орындық жаңа мектеп ашылды. Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының шеңберінде біз жас ұрпаққа сапалы білім беру үшін оқуға ыңғайлы, заманауи мектептер салуды жалғастырамыз. Бүгін ашылған төрт жаңа мектеп — өңірдегі білім сапасын арттыруға бағытталған кең ауқымды жоспарымыздың бір бөлігі ғана», — деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Министр Саясат Нұрбек білім беру саласындағы мамандарға сұраныстың артуына байланысты жыл сайын педагогикалық бағыттарға мемлекеттік гранттар саны артып келе жатқанын, 2029 жылға дейін 111 мыңнан астам педагог кадр даярлау жоспарланып отырғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеу стандарты және педагогикалық білім беруді жаңғырту тұжырымдамасы бекітілді. Педагогикалық бағыттарға гранттар саны 15 923-ке жетті, осы мамандықтарға түсуге қойылатын талаптар күшейтілді. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының алдына түбегейлі жаңа деңгейде жұмыс істей алатын жаңа формациядағы мұғалімдерді даярлауды қамтамасыз ету, сондай-ақ оқу процесінің тәсілдерін қайта қарау міндеті қойылды», — деді Саясат Нұрбек.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының нәтижесінде Қарасай ауданында жаңа мектептер пайдалануға берілді. Әрқайсысы 1200 орындық Қошмамет мектебі мен Елтай мектебінің ашылуы бүгінде балалардың қуанышына бөленді. Сонымен қатар, Қонаев қаласының Арна ауылында 200 орындық қосымша ғимарат салынып, пайдалануға берілді.
«Beeline Kazakhstan, «Верный Капитал» және Болат Өтемұратов қорының қолдауымен Шелек пен Есікте әрқайсысы 900 орындық жаңа мектептер салынды. Бұл жобалар балаларымыздың болашағына инвестиция болып табылады. Біз оларға білім алу үшін жаңа және жарқын мүмкіндіктер бере отырып, олардың қызығушылықтарын дамытып, армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік жасаймыз. Бұл жобадағы барлық қатысушыларға рахмет айтқым келеді! Осындай бірлескен күш-жігер арқылы біз Алматы облысының әр оқушысының болашағына сенімді қадам жасаймыз.», — деп атап өтті өңір басшысы.
Елтай ауылында 2 қыркүйек күні 1200 орынға арналған жаңа мектептің салтанатты ашылуы болды. 2024 жылдың соңына дейін Алматы облысында «Комфортты мектеп» бағдарламасы аясында тағы 24 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.