Астана-Сеул бағыты бойынша ұшуларды «Эйр Астана» әуе компаниясы аптасына екі рет (сәрсенбі және сенбі күндері) «Эйрбас-А321» үлгісіндегі әуе кемелері арқылы орындайтын болады.
«Әуе маршрутты іске қосу Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады», — делінген ведомство хабарламасында.
15 маусым күні Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында тікелей әуе қатынасының ресми ашылу рәсімі өтті.
«Ресми іс-шараға Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрғали Арыстанов, сондай-ақ Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісінің кеңесшісі Син Кюхо қатысты», — деп толықтырды ведомство.
Биылғы ақпан-наурыз айларында екі елдің авиациялық билігінің келіссөздерінің нәтижесі бойынша Астана – Сеул бағыты бойынша әуе қатынасы қалпына келтірілді. Осы келіссөздер барысында екі ел арасындағы әуе рейстерінің санын арттыру мақсатында шарттық-құқықтық базаны кеңейту туралы келісімге қол жеткізілді.