Бұл туралы Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Басқарма басшысының айтуынша, зиялы қауым өкілдерімен, тарихшы ғалымдармен және қоғам қайраткерлерімен алтыншы ауданның атын қою жөнінде арнайы кеңес өткен.Басқосуда бірқатар ұсыныс айтылды.
«Әр ұсыныстың тарихи, мазмұндық астарына үңілдік. Айтылған 15-ке жуық ұсыныстың ішінен басым дауыспен ерекшеленген негізгі төрт нұсқаны қалалық ономастика комиссиясының қарауына алып шықтық. Әр атаудың өз ерекшелігі, тарихи негізі бар. Ол төрт ұсыныс – Сарайшық, Тұран, Сауран, Жерұйық болды.
Жаңа ауданның шекарасы айқындалғаннан кейін қалалық ономастика комиссиясының отырысын өткізіп, жоғарыда айтылған төрт ұсынысты комиссия мүшелерімен бірге талқылап, дауысқа салдық. Комиссия мүшелерінің ортақ шешімімен Сарайшық деген атауды жаңа ауданға беру жөнінде тоқтамға келдік», — дейді Сәкен Есіркеп.
Ол сөзін жалғай отырып, Сарайшық атауының мағынасына кеңінен тоқталып өтті.
«Сарайшықтың не екенін көзі қарақты жұрттың бәрі біледі. Орта ғасырлық қала, кезінде Алтын Орданың, кейіннен Қазақ хандығының астанасы болды. Бұл қала Ұлы Жібек Жолының бойындағы ірі сауда орталықтарының бірі болған. Деректерге сүйенсек Сарайшық Еуропа елдері мен Алтын Ордадан Хорезм қалаларына, Үндістан, Ирак және Қытай елдеріне басты құрлықтық керуен жолдарын жалғаған.
Сарайшық тек сауда ғана емес мәдени, экономикалық және саяси орталық ретінде үлкен маңызға ие болған.